Облыс орталығында мәнерлеп сырғанаудан дәстүрлі республикалық «Ақпан Жұлдызы» турнирі басталды. Қазақстанның 8 қаласынан келген 300-ге жуық спортшы өз ара кім мықтыны анықтайды.

Ел біріншілігінде спортшылар 15 санат бойынша 30 медаль сарапқа салады. Турнир аймақта мәнерлеп сырғанау спортын дамыту мақсатында ұйымдастырылды.

Савелий Берковский, «Звездный» клубының спортшысы:

Мен мәнерлеп сырғанауға 6 жыл бұрын келдім. Себебі, жарыстардың қалай өтетіні, спортшылардың бір-бірімен бәсекеге түсуі қатты ұнады. Семен Резниктің шеберлігіне тәнті болып, мен де дәл солай мұз айдынында өнер көрсеткім келді.

Сайысқа Өскемендік спортшылармен қатар Алматы, Астана, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Сәтпаев және Теміртау қалаларынан келген жас өрендер қатысып жатыр.

Әлтайыр Жұмаділ, жарысқа қатысушы (Сәтпаев қ.):

Мен алты жылдан бері мәнерлеп сырғанаумен айналысамын. Бұл спортқа келуіме бапкерім Даниченко Зүлфия Капашевна себеп болды. Менің сүйікті спортшым Михаил Шайдаров. Арманым – болашақта , Олимпиада ойындарында жеңіске жету.

Ксения Пичугина, жарысқа қатысушы:

Мен осы сәтті асыға күттім, мұнда да көрсетілімдегідей шеберлік танытқым келді. Ойдағыдай өнер көрсеттім деп ойлаймын.

Ирина Пичугина, К. Пичугинаның анасы:

Сайыс жоғарғы деңгейде ұйымдастырылған. Дайындықта жақсы. Қызым керемет өнер көрсетті деп ойлаймын. Отбасымызбен, туыстарымызбен, достарымызбен қолдауға келдік. Барлығы жанкүйерлік танытып жатыр. Балалар бәрін сезеді, тіпті мұз үстінде де туыстары мен жақындарының қолдауын байқап отырады.

Мұз айдынында әр спортшы өз шеберлігін паш етіп, қатысушылар әр қозғалысты мінсіз орындауға тырысыты. Жанкүйерлердің қолдауы мұз үстінде де сезіліп, жарыс нағыз өнер мен спорттың біріккен мерекесіне айналды.

Екатерина Пригода, «Звездный» клубының жетекшісі:

Бізде өте мықты спортшылар бар. Олар спорттық санаттар бойынша шұғылданатын жасөспірімдер. Болашақта осы балаларды әлемдік біріншіліктерден көретінімізге сенемін. Жақын арада олар юниорлық Гран-При немесе әлемдік жарыстарға шығуы әбден мүмкін.

Жас спортшылар турнирде өзара бәсекелестікті арттыра отырып, елдегі мәнерлеп сырғанаудың дамуына үлес қосуда.

Нұртас Қайролдаев