Зайсанда мектепке дейінгі біліммен қамту саласы жүйелі түрде дамып келеді. Ауданда 21 балабақша мен 12 шағын орталық жұмыс істейді. 3 пен 6 жас аралығындағы бүлдіршіндер толықтай мектепалды даярлықпен қамтылған.

Зайсан ауданы – әлеуметтік-экономикалық, мәдени және инфрақұрылымдық тұрғыдан қарқынды дамып келе жатқан өңір. Білім беру саласын дамыту ісі де қарқынды. Аудандағы 28 мектепте 7024 бала оқиды. Оқушылар үшін барлық жағдай қарастырылған. 300 орындық жаңа мектеп қолданысқа берілді. Бүгінде Үлкен Қаратал, Саржыра ауылдарында мектеп құрылысы жүріп жатыр. Ал, Жарсу мен Айнабұлақ ауылдарында спорт модулі қолданысқа берілді.

Жанат Байсаринова, Зайсан ауданы бойынша білім бөлімінің сектор меңгерушісі:

Жалпы ауданда 28 мектеп бар. 21 балабақша, 12 қосымша білім беру ұйымдары жұмыс істейді. Балабақшаларда 1879 бала тәрбиеленсе, қосымша білім беру ұйымдарында 933 бала тәрбиеленіп отыр.

Зайсанда жеке меншік балабақшалар саны артып келеді. Бұл кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың жемісі. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ісін өрге дөңгелетіп отырғандардың бірі - Аяулым Чукумова. Жеке кәсіпкер Қарабұлақ ауылында балабақша ашып, азаматтарды жұмыспен қамтып отыр.

Аяулым Чукумова, «Күншуақ» бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі:

 «Ауыл аманаты» бойынша 2,5 пайызбен несие алған болатынбыз.Соның арқасында балабақшамызды кеңейтіп, тағы бір мектепалды тобымызды ашып отырмыз. Соның арқасында 4 жұмыс орны ашылды.Қазір 100 баланы балабақшамен қамтып отырмыз. 20 адамды ауылдық жерде жұмыспен қамтып отырған жайымыз бар.

Заманауи стандарттарға сай жабдықталған «Күншуақ» бөбекжай-балабақшасы бүлдіршіндерді жайлы ортамен қамтамасыз еткен. Бөлмелері кең, жарық және жылы, балаларға күнделікті бес уақыт тамақ беріледі, қауіпсіздік талаптары сақталған, барлық жерде бейнебақылау камералары орнатылған. Тәрбиешілер балаларға сапалы тәрбие берумен қатар, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруге де ерекше мән береді.

Қуаныш Амантайұлы