Аймақта жыл басынан бері экологияны қорғауға қатысты 42 заңбұзушылық анықталды. Бұл туралы ШҚО бойынша Экология департаменті басшысының орынбасары Әсет Сүлейменов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді. 

Бірінші жартыжылдықта Экология департаменті кәсіпорындарда 27 тексеру жүргізген. Нәтижесінде салынған әкімшілік айыппұлдардың жалпы сомасы 207 млн. теңгеден асты. Сонымен қатар, департаменттің мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы атқарған жұмыстары жайы да баяндалды. 

Әсет Сүлейменов, ШҚО бойынша Экология департаменті басшысының орынбасары:

Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан облысында 5331 оператор бар. Оның ішінде І санатқа – 72 нысан, ІІ санатқа – 950 нысан, ІІІ санатқа – 1267 нысан, IV санатқа – 3042 нысан жатады. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында департамент барлығы 301 мемлекеттік қызмет көрсетті, оның ішінде 126-сы оң нәтиже берді. 

Биылғы жылдың алғашқы алты айында өңірде 127 заңсыз қоқыс орны анықталды. Қазіргі уақытта олардың екеуі жойылған. Заңсыз қоқыс орындарының ең көбі Ұлан ауданында – 56, Өскеменде – 39, Глубокое ауданында – 15, Алтай қаласында – 12, Шемонаиха ауданында – 3 және Риддер қаласында – 2.

Әсет Сүлейменов, ШҚО бойынша Экология департаменті басшысының орынбасары:

Бұл мәселе жергілікті атқарушы органдармен және прокуратурамен бірлесіп қарастырылып жатыр. Заңсыз қоқыс орындарын жоюға жауапты болғанымен, тиісті шараларды уақытылы қабылдамағаны үшін Ұлан және Глубокое аудандары, сондай-ақ Риддер қаласы әкімдері орынбасарлары әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Өзекті мәселелердің бірі – қалдықтарды жинауға арналған контейнерлік алаңдардың жағдайы. Жүргізілген талдау нәтижесінде Өскеменде 537 контейнерлік алаң бар екені анықталды. Оның 97-сі кондоминиумдардың теңгерімінде болса, 440-ы ортақ пайдаланудағы жерлерде орналасқан және жергілікті атқарушы орган – әкімдік пен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің қарауында. Бұдан бөлек, экология департаменті контейнерлік алаңдарды пайдалану кезінде экологиялық талаптардың сақталуына қатысты 2 жоспардан тыс тексеру жүргізді.

Әсет Сүлейменов, ШҚО бойынша Экология департаменті басшысының орынбасары:

Осыған байланысты қала тұрғындарынан бізге көптеген өтініш түсуде. Қазақстан көшесі, 86, Космическая көшесі, 12, Назарбаев даңғылы, 12-2 және Достық халықтары көшесі, 1 мекенжайларындағы контейнерлік алаңдарға екі жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Аталған контейнерлік алаңдар шынымен де қоқысқа толып кеткен. Осы факті бойынша шаралар қабылданбағандықтан, қаладағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Экологиялық заңнама талаптарына сәйкес, атмосфераға шығарылатын немесе қоршаған ортаға төгілетін қалдық көлемі жылына 500 тоннадан асатын ірі кәсіпорындар қоршаған ортаға әсер ету көздеріне автоматтандырылған мониторинг жүйелерін орнатуға міндетті. Шығыс Қазақстан облысында бұл санатқа 21 кәсіпорын жатады. Оның 15-і автоматтандырылған мониторинг жүйесін орнатқан, ал 6 кәсіпорын бұл талапты әлі орындамаған.