10–11 шілде күндері Катонқарағай ауданында облыстық мәдениет басқармасы мен аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық мәдени-музыкалық фестиваль өтпек. Екі күнге созылатын ауқымды шара түркі халықтарының мәдениеті мен өнерін, ұлттық құндылықтарды және спортты дәріптеуге бағытталған.

Фестивальдің алғашқы күні қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Ақтан Нұрбаевтың туғанына 100 жыл толуына арналады. Берел ауылындағы Патшалар жазығында «Төр Алтай Ақтаңын жырлайды» атты республикалық жыр кеші ұйымдастырылып, еліміздің әр өңірінен келген танымал ақындар ақынның шығармашылығын насихаттайды. Сонымен қатар, ақынның рухына құран бағышталып, ас беріледі.

Ербол Нұрғалиев, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:

Осы тарихи мәдени кешеннің аумағында Алтайдың көрнекті ақыны лиригі, Дарынды жазушы Ақтаң Нұрбайұлына поэзия кеші өтеді. Биыл өздеріңіз білесіздер олкісі 100 ге толып отыр.

Екінші күні этноауыл ашылып, қолөнер көрмелері, ұлттық тағамдар фестивалі, этномәдени бағдарламалар мен ұлттық салт-дәстүрді дәріптейтін мәдени іс-шаралар өтеді. 

Самат Қасенов, Облыстық мәдениет басқармасының басшысы:

11 күні атшабарда үлкен ақындар айтысы өтеді. Бұл жерде Алтын домбыра иегерлері келе жатыр, біздің шығыстан Серік Қуанған ақтаңгер, екіншісі Жұлдызай Маратбек ол осы шығыстан екі қатысып отыр. Биыл енді 12 ақын 6 жұп. Бұл жердің да бас жүлдесі автокөлік. 

Іс-шара аясында Шығыс Қазақстан облысының XIV Ұлттық спорт ойындары спартакиадасы да өткізіледі. Бағдарламада көкпар, аударыспақ, теңге ілу және бәйге сияқты ұлттық спорт түрлерінен жарыстар жоспарланған. Аламан бәйгенің бас жүлдесіне автокөлік тігіліп, өзге жеңімпаздарға қомақты ақшалай сыйлықтар беріледі. Фестиваль қонақтарына қызмет көрсету үшін қоғамдық тамақтану орындары, сауда нүктелері мен қолөнер шеберлерінің көрмелері ұйымдастырылады. Қонақтарды орналастыру мақсатында қонақүйлер, кемпингтер, киіз үйлер және тұрғын үйлер әзірленіп, жалпы 9 мыңға жуық адамды қабылдауға мүмкіндік жасалған.

Данияр Дүйсембаев, Катонқарағай ауданының әкімі:

Бүгінгі таңда Катонқарағай бойынша жүзге жуық кемпинг орналастырамыз, және елуден астам киіз үйлер болады. Содан бөлек жалпы сыйымдылығы 3306-ға болатын 136 орналастыру нысаны бүгінгі таңда дайын тұр. 800 үй жалға беріліп, бүгінгі таңда сол 800 үйге 9 000-нан астам адамды сыйғызамыз деп жоспарлап отырмыз. Соның барлығын, және аталған орындардың барлығын қосқанда, 12,5-13 000-дай адамды сыйғызатын боламыз. 

Бұдан бөлек, келушілерге тәулік бойы жұмыс істейтін колл-орталық қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, туристік ақпараттық карталар орнатылып, ауданның көрікті жерлері туралы ақпараттық материалдар да әзірленген. Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальге дайындық толық жоспарға сәйкес жүргізілуде. Баға тұрақтылығын сақтау, азық-түлік пен жанар-жағармай қорын жеткілікті деңгейде қамтамасыз ету және интернет байланысын күшейту бағытында да қажетті шаралар қабылданған.