Негізгі Жаңалықтар Заманауи мектеп-гимназия ашылды

Заманауи мектеп-гимназия ашылды

Риддерде 600 орынға арналған жаңа «Шаңырақ» мектеп-гимназиясы ашылды. Мемлекеттік тілде білім беретін заманауи оқу орнын «Казцинк» компаниясы өз қаражаты есебінен салған. Жобаны жүзеге асыруға 5 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Мектепте оқушылардың сапалы білім алуымен қатар, спорт, шығармашылықпен айналысып, жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған.

Жаңа білім ошағы Риддер қаласының бесінші шағын ауданында бой көтерді. Үш блоктан тұратын ғимараттың жалпы аумағы 10 мың шаршы метрден асады. Бірінші корпуста 5-11 сынып оқушыларына арналған пән кабинеттері орналасқан. Мұнда керамика жасау, ағаш және металл өңдеу, тігін ісі мен аспаздыққа арналған арнайы шеберханалар жабдықталған. Сонымен қатар, информатика және робототехника кабинеттері, кітапхана мен ресурстық орталық бар. Ал, бастауыш сынып оқушылары үшін жеке, қауіпсіз блок қарастырылған. Онда оқу кабинеттерінен бөлек, кітапхана, психолог пен логопед кабинеттері және медициналық бөлім жұмыс істейді.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Бүгінгі күні облысымызда 10 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барып жатыр. Соның ішінде 70-ке жуық бүлдіршін осы «Шаңырақ» мектеп-гимназиясының табалдырығын алғаш рет аттап отыр. Мектеп заманауи, соңғы үлгіде салынған. Балалардың спортпен шұғылдануына, шығармашылықпен барлық жағдайлар, оның ішінде ЖИ аясында білім алуына қажетті құрал-жабдықтар бар. 

Мектепте үлкен және кіші спорт залдар, 135 орындық акт залы мен 200-ден астам адамға арналған кең асхана да қарастырылған. Жоба «Казцинк» компаниясы, Шығыс Қазақстан облысы және Риддер қаласы әкімдіктері арасындағы үшжақты меморандум аясында жүзеге асырылды. 

Жанат Жанботин, «Казцинк» ЖШС бас директоры:

Мектеп салу – болашаққа жасалған үлкен қадам. Себебі бүгін бой көтерген мектепте ертең еліміздің болашағы білім алады. Осы мектептің әрбір сыныбында жаңа ой, жаңа арман, жаңа мақсат дүниеге келеді. Бұл жоба – «Қазцинк» компаниясы, Шығыс Қазақстан облысы және Риддер қаласы әкімдіктерінің бірлескен жұмысының нәтижесі. Біз үшін осындай игі бастамаларға үлес қосу, қаланың және оның тұрғындарының дамуына бірге жағдай жасау аса маңызды. 

Білім ордасының аумағын абаттандыруға да ерекше көңіл бөлінген. Мұнда футбол, волейбол және баскетбол алаңдары, әртүрлі жастағы балаларға арналған ойын алаңдары мен ұзындығы 250 метр болатын жүгіру жолы салынған.

Андрей Лазарев, «Казцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры:

Бұл мектепте балалар компьютермен жұмыс істеуді, робототехниканы меңгеріп қана қоймай, қол еңбегіне де машықтанады деп сенемін. Қазіргі балалардың көп уақыты гаджеттердің алдында өтеді. Сондықтан, олардың қол моторикасын дамытуға, еңбекке баулуға ерекше көңіл бөлеміз. Бұл да баланың жан-жақты дамуы үшін өте маңызды. 

Шалғай аудандарда тұратын оқушыларға да ерекше көңіл бөлінген. Оларды мектепке тасымалдау үшін білім ордасына арнайы автобус сатып алынды.

Еркебұлан Махтиев, «Шаңырақ» мектеп-гимназиясының директоры:

Алыс, шалғайдағы балаларды уақытылы, кестеге сәйкес алып-келіп отырамыз. Автобустың мектепте болғанының жақсы жағы – балалармен экскурсия, қалаға шығып, іс-шаралар өткіземіз. 

Өнеркәсіптік қала үшін бұл соңғы жылдары жеке инвестиция есебінен салынған ең ірі білім беру нысандарының бірі. 

Фатима Тілейханқызы

Бөлісу