Негізгі Жаңалықтар Мектеп асханасы тексерілді

Мектеп асханасы тексерілді

Мектеп асханаларында санитарлық талаптардың сақталуы, азық-түлік сапасы мен балалардың дұрыс тамақтануы – жаңа оқу жылы қарсаңындағы маңызды мәселелердің бірі. Осыған орай Өскемендегі білім беру ұйымдарының асханаларына санитарлық-эпидемиологиялық бақылау жүргізіліп, мамандар өнімдердің сақталу мерзімі мен тағам дайындау технологиясын тексерді. Оқушыларға ұсынылатын ас мәзірі қандай? Балалардың тамағы қауіпсіздік талаптарына қаншалықты сай? Келесі бейнематериалда

Мектеп асханасындағы тексеріс ең алдымен азық-түліктің сапасы мен қауіпсіздігін бағалаудан басталады. Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары өнімдердің таңбалануы мен жарамдылық мерзімін, сақталу жағдайын және ас дайындау талаптарының орындалуын жіті бақылауға алған. Өйткені мектептегі тамақтану – баланың денсаулығына тікелей әсер ететін маңызды мәселе.

Тексеру барысында асхананың санитарлық жағдайы, ас дайындайтын құрал-жабдықтардың талапқа сай болуы және тағам әзірлеу технологиясының сақталуы да назарға алынған. Өйткені мектеп мәзіріне кез келген өнім енгізіле бермейді. Әсіресе ет тағамдарына қойылатын талап қатаң: ас мәзірінде еттің тек рұқсат етілген түрлері ғана қолданылуы тиіс.

Гүлназ Мадиева, Өскемен қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы:

Мысалы, ет өнімдерінен сиыр еті, бұзау еті және жылқы етін пайдалануға рұқсат етілген. Құс етіне де рұқсат бар. Бірақ күркетауық еті міндетті түрде терісіз болуы керек. Ал қой етін қолдануға болмайды.

Асханадағы бір күндік мәзірде ет қосылған палау, алма, нан және шай. Әр тағамның мөлшері де нақты белгіленген. Оның көлемі оқушының жас ерекшелігіне қарай есептеледі. Мектеп қызметкерлерінің айтуынша, жаңа оқу жылында ас мәзірі жаңартылып, көкөніс пен жеміс-жидек, сондай-ақ ет тағамдарының үлесі артқан.

Игорь Усачев, мектеп асханасын жалға алушы компанияның атқарушы директоры:

Өткен жылдан бастап ас мәзірін жаңарттық. Мәзірге жаңа дәнді дақылдар қосылды. Нан да бидай ұнының ірі тартылған түрінен дайындалады. Сонымен қатар көкөністердің, аскөктің және жеміс-жидектің үлесін арттырдық.

Өскемендегі мектеп асханалары санитарлық қызметтің тұрақты бақылауында. Бұл жолғы тексеріс барысында өрескел заңбұзушылықтар анықталған жоқ. Дегенмен асханаларды тексеру мұнымен тоқтамайды. Санитарлық талаптардың орындалуы жылына екі рет тексеріледі. Сондықтан жауапты мамандарға қойылатын талап та, бақылау да мұнымен тоқталмақ емес.

Нұртас Қайролдаев

Бөлісу