Археологиялық топ жетекшісі, профессор Әбдеш Төлеубаевтың сөзінше, бұл - археология ғылымына қосылған жаңа деректер болмақ.
Зайсан ауданы— тарихи мұраларға бай өңір. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында, мұнда бұрын соңды болмаған ауқымды археологиялық қазба жұмыстары жүріп жатыр. Өзінің жұмыс сапары барасында аймақ басшысы Даниал Ахметов аудандағы Айнабұлақ және Қаратал ауылдық округінде болып, бұл жерде алғаш табылған Афанасьев мәдениеті жәдігерлерімен танысты. Көне артефакттардың ішінде салт, жоралғыларды жүргізуге арналған сауыттар, мыс пышақтары мен тастан жасалған еңбек құралдары бар. Профессор Әбдеш Төлеубаевтың айтуынша, нақ осы жерде біздің заманымызға дейінгі 25-18 ғасырда қолданыста болған 500-ден аса жекелей ескерткіштер табылды. Ал, қазба жұмыстары 10-шы қыркүйекте аяқталатын Қаратал ауылының маңында алғаш рет Үйсін тайпасы өкілдерінің мәйіті табылды.