Өз өмірін спортсыз елестете алмайтын шығысқазақстандық кикбоксшы Ақбар Алматов бұл турнирдің фавориті. Осылай айтудың себебі жоқ емес, бар. Жасы 18-де болса да  жеткен жетістіктері баршылық.  Ел чемпионаты былай тұрсын, Әлем Кубогінің жеңімпазы. Биылғы ел чемпионатына да тыңғылықты дайындалғаны көрінеді.

АҚБАР АЛМАТОВ, СПОРТШЫ:

«Кикбоксингпен мен 4-ші сыныптан бастап айналысамын.Ержан Шегенов деген бапкерде жаттығамын. Қазір осы жарысты ұтып, Италияға әлем чемпионатына барғым келеді. Сондай үмітім бар».  

АРМАН БАЙЛЕНОВ, ЖАТТЫҚТЫРУШЫ:

«Шығыс Қазақстан облысының намысын  бұл чемпионатта 25 спортшы қорғауда.  Турнир алдында Семей мен Өскемен қалаларының құрамалары екі аптадай оқу-жаттығу жиынын өткізді. Бірінші орынға қол жеткізуге мүмкіндігіміз бар деп ойлаймын».

Облыс орталығында өткізіліп жатқан ел чемпионатында ұлдар мен қатар қыздар да бар білгенін көрсетуде. Астана қаласының намысын қорғауға келген Камила Артығалиева бұл спорт түрін  өзі таңдағанын айтты.

КАМИЛА АРТЫҒАЛИЕВА, СПОРТШЫ,  (АСТАНА):

«Мен ата-анама би үйірмесіне барамын деп, кикбоксингке жазылдым. Күнде би үйірмесіне кетім деп, өзім жаттығу залында шынығып жүрдім. Бұл спортпен шұғылданатынымды әкем білген соң, мені қолдап, маған  керек жарақтың бәрін сатып алып берді. Кейін көзім көгерген кезде ғана анашым да білді».

Камила өзге спортшылар сияқты жеңістен үмітті. Дегенмен, әлем чемпионатында Қазақстанның атынан өнер көрсету үшін сыннан сүрінбей өту қажет. Қыркүйек айында Италияда болатын байрақты бәсекеге 12 спортшы іріктеліп, жеберіледі. 

СҰЛТАН ҚУАНДЫҚ, БАС ТӨРЕШІ:

«Бұл чемпионатымыз негізгі WAKO ережесі бойынша кикбоксингтен әлем чемпионатына іріктеу болып есептеледі.Спорттың кикбоксингі  түрінен қазір жылдан-жылға спортшылар саны көбейюде, былтыр 180-200 адам болса, биыл 230 адамға жетті».

Кикбоксингтен ҚР чемионатының жеңімпаздары ертең ақтық сында белгілі болады.

 

Оксана Черткова