Атқарылған жұмыстарды бірінші болып, облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова жіпке тізді.  Шетелге оқуға түсетін абитуриенттердің қатарын сирету мақсатында, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  үшінші бастамасы  аясында жергілікті ЖОО-ның бәсекеге қабілеттілігін  жоғарылататын бағдарлама әзірленді. Студенттердің толыққанды білім алуына жағдай жасау – мемлекеттің басты міндеті екені белгілі. Осы орайда жатақхана мәселесі оң шешімін таппақ. Аймақта бес, жеті және тоғыз қабатты жатақханалардың типтік жобалары дайындалды. Басқарма басшыларын тындаған облыс әкімі Даниал Ахметов, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қалалық ортаны бейімдеу және қоғамдық көліктердің бұл топтағы азаматтардың ыңғайына сай жасақталуын тапсырды.

ДАНИАЛ АХМЕТОВ,  ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

«Мүмкіндігі шектеулі жандар тіпті автобусқа кіріп, шыға алмайды. Қоғамдық көліктердің көбі ыңғайсыз. Бұл топтағы азаматтар қалай өмір сүруі керек екен? Келесі ай ішінде барлық қала-аудан әкімдері темір жол вокзалдары әкімшілігімен  тапсырманың қалай жүзеге асып жатқандығы туралы есеп берсін».

 

Кеңейтілген аппарат кеңесінде медицина саласына қатысты мәселелер де қаралды.  Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Марат Шорановтың айтуынша, 15 шілдеге дейін Аягөз және Зырян аудандарында инсульт орталықтарының ашылуы жоспарланды. Бұл өз кезегінде медицинаның сапасын арттырмақ.

МАРАТ ШОРАНОВ, ШҚО ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

«Құрылыс жұмыстарының кестесі бар. Бүгінгі күні барлық ғимараттар босатылды. Зыряндағы аудандық орталық ауруханада демонтаж жұмыстары басталды. Құрылыс белсенді түрде жүріп жатыр».

Аймақ басшысы Даниал Ахметов медициналық туризмді дамыту қажеттігін тілге тиек етті. Өйткені, өңірдегі кейбір емдеу мекемелерінің аналогы Ресей қалаларында жоқ. Бұған қоса облыс әкімі  бірінші қалалық аурухананың атауын өзгертуге тапсырма берді.

ДАНИАЛ АХМЕТОВ,  ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

«Бірінші қалалық аурухана  Шығыс Қазақстан облысы былай тұрсын, еліміздегі ең жоғарғы технологиялы мекеме саналады.   Сол себепті статусын өзгерткен жөн.  «Жаңа медициналық технологиялар орталығы» сияқты атау беріп, облыстық масштабтағы ауруханаға айналуы қажет».

Аппарат кеңесінде туризм саласы сөз болды. Өңір басшысы Даниал Ахметов Алакөл демалыс аймағындағы жағажай орталығына WiFi орнатуды тапсырды. Сол сияқты ағымдағы кезеңде Өскемен-Шар-Жалаңашкөл теміржол байланысы іске қосылады.

 

 

ОКСАНА ЧЕРТКОВА