«Көкке өрлеген Мұзтаудың мұзбалағы». Облыс орталығында өмірін өлеңмен өріп, ерекше ғұмыр кешкен Алтайдың ақтаңгер ақыны Ақтан Нұрбаевты еске алуға арналған кеш өтті. Іс-шара барысында талант иесінің өмірі, туған ауылы мен шығармашылығы жайында толыққанды ақпарат берілген екі бөлімді деректі фильмнің тұсаукесер рәсімі өтті.

Қазақ әдебиетінде Ақтан Нұрбаевтың алатын орны ерекше. Болашақ ақын 1926 жылы 27 мамырда Катонқарағай ауданы, Берел ауылында дүниеге келген. Жастайынан еңбекке араласқан. Сұрапыл соғыс жылдарында еңбек армиясында, кейін шаруашылықтың түрлі саласында жұмыс істеді. Ақтан ақынның жүріп өткен ғибратқа толы өмір жолы кімге болса да үлгі-өнеге.  Көзі тірісінде кітап шығаруды құнттамаған өнер иесінің өлеңдері түгелдей қағаз бетіне түскен жоқ. Сондықтан ел арасында тарады. Әйтсе де ақын жырлары облыстық, аудандық газеттерде 30-40 жыл бойы жарияланып келді. Кейін балалары «Сырымды айтамын», «Айтып өткен ақында арман бар ма...» жинақтарын шығарды. Ақтан Нұрбаевтың жыр жинақтарын шығаруға үнемі демеушілік жасап келе жатқан ұл-қыздары бұл жолы да биіктен көрініп, деректі фильмнің жарық көруіне қомақты қаржы жұмсады.

Ақиық ақын Ақтан Нұрбаевтың Алтайдың сұлу табиғатымен үндесіп жатқан сыршыл, тамаша өлеңдері шығысқазақстандықтардың ғана емес, бүкіл қазақ елінің мәңгі жасай беретін әдеби мол мұрасы. 

Ақтаңгер ақын туралы түсірілген «Көкке өрлеген Мұзтаудың мұзбалағы» деректі фильмінің басты мақсаты - поэзия әлемінде шоқтығы биік, талантты ақынның өмірі мен шығармашылығын республика жұртшылығына кеңінен таныстыру. Сегіз қырлы бір сырлы, бойға біткен дарыны мен адамгершіліктің тізгінін қатар ұстаған тұлғалы азаматты ұлықтау. 

Алтайдың ақтаңгерін еске алу кешіне ақынның туған-туыстары, жерлестері мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Жиналғандар Ақтан Нұрбаевтың шығармашылығы туралы бір үзік ойларын ортаға салып, құнды естеліктерімен бөлісті. Кеш соңында мейрамханада ас берілді. Алдағы уақытта ұрпақтары ақынның туғанына 100 жыл толуын да ерекше атап өтуді жоспарлап отыр.