Аймақта тілсіз жаудың алдын-алу мақсатындағы рейд жұмыстары жалғасуда. Мұндай шара өртке қарсы іс-шараларын күшейтуге бағытталған. ТЖД мамандары аудандардағы шаруа қожалықтарын аралап, техникаларының дайындығын да тексеріп қайтты.

Биыл аймақта құрғақ шөп пен бұталар жанып, 70-тен астам өрт шыққан. 1480 гектардан астам алқапта 67 орман өрті, 5714 гектар аумақта 5 дала өрті болған. Рейд барысында облыс аумағында ұзындығы 115 шақырым орман алқаптарында минералдандырылған жолақтар орналастырғанын анықтаған. Мәселен, теміржол бойында 2435 шақырымда минералдандырылған жолақтар орнатылған.

Рейд жұмыстарына 270 адамнан тұратын 46 мобильді топ жұмылдырылған. Қазірдің өзінде 696 рейдтік іс-шара өткізілген.  

Шаруа қожалықтары ТЖД мамандарына дайындық жұмыстарын көрсетіп, өрт қауіпсіздік шараларын қатаң сақтайтындарын жеткізді.

Айта кетейік, рейдтер нәтижесінде ҚР ӘҚБтК-нің 336-бабы бойынша 9 әкімшілік құқықбұзушылық анықталған.