Жылдағы дәстүрге сай, «Интернэшонал клин абдэй» акциясының аясында облыстық экология департаменті, табиғи ресурстар мен қоршаған ортаны қорғау басқармасының жауапты өкілдері де жас экоклуб мүшелерімен бірлесіп Ертіс өзенінің жағалауын күл-қоқыстан арылтып, айналасын тазартқан сенбілік ұйымдастырды.

Іс-шараға студент жастар белсене қатысты. Өйткені, жас экоклуб мүшелері өздері тұрып жатқан аумақты таза ұстап, қаланың көркейе түсуіне өз үлестерін қосуға қашанда асық. Эколуб мүшелері қаланың басқа тұрғындарын да табиғатты аялап, қоршаған ортаны  ластамауға шақырады. 

Жалпы, мұндай сенбіліктер соңғы уақытта жиі өткізілуде. Бұған жауапты жергілікті жердегі құзырлы орган мамандары игі іске білек сыбана кірісіп, акцияның ойдағыдай өтуін жіті қадағалауда. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, тұрғындардың қала келбетіне баса назар аударып, айналаның тазалығына мән бере бастауы көңіл қуантарлық жайт. Сонымен қоса, мұндай сенбіліктер жастарды еңбекке баулып, экологиялық сауаттылықтарының артуына да септігін тигізуде. 

Көпшілік жұмыла атсалысуының арқасында Ертіс өзенінің жағалауы азғана уақыт ішінде  жылдар бойы жиналып қалған күл-қоқыс,  керексіз зат қалдықтарынан арылды. Бұл күнде табиғатты аялап, қоршаған ортаны таза ұстауға негізделген тың жобалар жоспарлы негізде іске асуда. Осы орайда жас экологтар қала жұртшылығын осындай іс-шараларда бой көрсетіп, экологиялық акцияларға қатысуға шақырады.