Облыста «Ауыл әйелдері үшін экономикалық мүмкіндіктерді кеңейту тәсілдерін іздеу және іске асыру» тақырыбында өңірлік форум болып өтті. Форумның өзекті тақырыптары: әйелдер кәсіпкерлігін қолдау, ауыл тұрғындарын өнімді жұмыспен қамту және өмір сүру сапасын арттыру мәселелері. 

«Ауыл» мен «әйел» қай кезде де қазақ үшін қастерлі, киелі ұғым. Көпшілігінің тамыры ауылдан таралғаны белгілі. Қазірде ел халқының 40 пайыздан астамы ауылдық жерде тұрады. Сондықтан ауылды дамыту – мемлекеттік саясаттың басты бағытының бірі. Бұл ретте әйелдердің әлеуетін күшейтуге әрқашан мән беріледі. «Бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербетіп, өз ісін жақсы білетін іскер әйелдер мемлекет назарынан тыс қалған емес. Ал, кәсіпкер әйелдерді қолдау мақсатында, «Ауыл әйелдерінің мүмкіндіктерін» арттыруға арналған ауқымды форум еліміздің түкпір-түкпірінде өтуде. Сондай аталмыш шараның бірі Шығыс Қазақстанда да жалғасын тапты.

Ел экономикасының дамуы ауылмен тікелей байланысты. Осы орайда, ауылдың көркеюіне, елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық жағынан дамуына қыз-келіншектердің қосып отырған үлесі зор. Өңірде өткен онлайн форматтағы шараға әр саланың мамандары, кәсіпкер әйелдер қауымы, қаланың сыйлы қонақтары қатысты. Өз кәсіптерін дамытып отырған кәсіпкерлер мен мамандар байланысқа шығып, қызықты талқылау болды. 

Ауылдың ел экономикасын дамытып, алға жылжытудың маңызы зор. Ал, сол жердің ұйытқысы болып, өз істерін дөңгелетіп отырған кәсіпкер қыз-келіншектерге қолдау көрсету мемлекет тарапынан жасалып отырған игі шаралардың бірі. «Әйелге-іс, елге-табыс» мағынасындағы бұл форум әйелдердің әлеуетін көтеруде ғана емес, жетістікке жеткен озық елдердің қатарына қосылып, өмір сапасын жоғарылатуды да көздейді.