Самар ауданы Құлынжон ауылында «Ybyrai mektebi» атты жіксіз оқытудың пилоттық моделі іске қосылған білім ордасы ашылды. Финдік және Сингапурлік білім беру жүйесін тәжірибеге пайдаланбақ. Оқушылардың озат болуы үшін беделді мамандарды жұмысқа шақырған. Қазақтың көрнекті ағартушы-педагогінің аты берілген мекеме алдағы уақытта жоғары нәтиже көрсетеріне мектеп ұжымы шек келтірмейді.

600ден астам тұрғыны бар елді мекенде қолға алынып жатқан пилоттық бағдарлама ауыл тынысы үшін жасалған игі істердің бірі. Ал осы білім ордасын салуға демеушілік еткен Айдын Рахымбаев.

Ауқымды кешен балалардың оқуға деген қызығушылығын арттырып, балабақшадан бастауыш мектепке дейін стрессіз өтуіне көмектеседі. Оған қоса, одан әрі оқытудың арнайы дайындалған тәсілдерін де қамтиды. 

Құлынжон ауылына ат басын бұрып арнайы шақырылған шара қонақтарының бірі – танымал, кәсіпқой боксшы Жанқош Тұраров. Спортшының айтуынша, ел болашағы жастар болғандықтан, келешек ұрпақтың жан-жақты дамуына көңіл бөлу аса маңызды.

Финляндияның білім беру жүйесі әлемнің үздік рейтингінде. Оқушылар осы күнге дейін қалыптасқан стандартты тәсілден ауытқудың нәтижесінде, жаңа методикамен оқып, мол тәжірибе алу мүмкіндігіне ие болмақ. 

Білікті ұстаз – сапалы білім негізі. Тіпті қазіргі технологиялар ерекше дамыған заманның өзінде сапалы оқыту жүйесін қамтамасыз етудегі мұғалімнің рөлін еш нәрсемен ауыстыруға болмайтындығын халықаралық тәжірибе көрсетіп отыр. Сондай ұлағатты ұстаз, білікті басшы – Аралбек Берікұлы. 

Ал 5-6 сыныптарға тәлім беріп, дәстүрлі математикадан бөлек сингапурлық білім жүйесін оқушылар мен мұғалімдерге қатар үйретіп жүрген жандардың бірі – Әлішер Сағынтаев. Аталмыш әдістің ерекшелігі – есептерді өмірдегі мысалдармен байланыстыра білу. Бұл методикада тіпті қарапайым қосу азайтуды үйрететін арнайы ойыншықтары, массаны үйретуге арналған таразылары болады. 

 «YBYRAI MEKTEBI» – бұл тек білім беру орны ғана емес, сонымен қатар мәдени орталық, оқушыларды қоғамдық өмірге белсене қатысуға баулитын орын ретінде дамуда. Кешенде 0-6 сыныптарды бастауыш мектеп ретінде қарастыратын үздіксіз жүйе құрылған. Бұл жастағы балалардың логикасын, риторикасын, грамматикасын дамытуға баса назар аударылады.