Адам капиталы – тұрақты экономикалық дамудың негізі және инновациялардың басты қозғаушы күші. Сондықтан, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауына «Ұлттық қор – балаларға» атты бағдарламаны бастау маңыздылығын түсіндірген еді. 

Бағдарлама талаптары бойынша, бекітілген мерзім көлемінде жинақталған қаржы баспана сатып алуға және білімге жұмсалмақ. Балалар жылы аясында қолға алынып жатқан іс-шара болашақтың жастарын тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады деп болжануда. 

Ауқымды бағдарлама 2 жыл ішінде толық қаралып, тиісті заңдылықтар енгізіліп, іске қосылмақ. Осылайша, әрбір қазақстандықтың өмір сапасын арттыру жұмыстары өскелең ұрпақтан бастау алады.

Жобаның көздеген мақсаты – әлеуметтік жағдайды жақсартып, қоғамның тұрақтылығын дамыту және дамыған мемлекеттердің қатарына қосылу үшін білімді ұрпақты көбейтуге ықпал ету.

Мемлекет басшысының бұл бастамасына халықтың пікірі оң. Өйткені, елдің әрі қарайғы дамуына халықтың әлеуметтік жағдайы тікелей әсер етері анық. 

Аталмыш жобаны халық ұлт байлығының үлесін сезінер үлкен бастама санап, үміт артып, қуана қабылдауда. Ал жастар болашағын әуелден басшылыққа алған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пәрменді бастамалар көтеріп, ілкімді істердің атқарылуына ықпал етіп келеді.