Өңірдің Мәдениет басқармасы мен лингвистикалық орталығы «Дәуірдің дара жұлдызы» атты облыстық байқауын өткізді. Шара ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығына арналды. Байқауға облыстың аудандары мен қалаларынан келген тілдерді оқыту орталықтарының мамандары қатысты. Әріптесім Аяулым Смағұлова сайысқа қатысушылармен тілдесіп қайтты.
Облыстық байқау елдегі тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылды. Басты мақсат - Ахмет Байтұрсыновтың адам жанының рухани тазалығы жайлы ойларын жүйелей отырып, орталық қызметкерлерінің өзгелерге үлгі болатын таланттарын анықтау. Олардың арасында ақындарды, көркемсөз оқу шеберлерін танымал ету.
Байқау үш кезең бойынша өтті. «Көркем сөз – көңіл тілі» деп аталатын алғашқы кезеңде қатысушылар Ахмет Байтұрсынұлының шығармаларынан үзіндіні мәнерлеп, жатқа оқудан сынға түсті. Ал екінші кезең «Ахмет салған ізгі жол». Бұл кезеңде қатысушылар Ахмет Байтұрсынұлының әдістемелік идеялары мен инновациялық әдіс-тәсілдерін қолдана отырып, шеберлік сабағын өткізді. «Ұшқыр ой» деп аталатын соңғы кезеңде ұлт ұстазының өмірі мен шығармалары бойынша викториналық сұрақтарға жауап берілді. Ал әділқазылар құрамына әдіскер ғалымдардан бастап, орталық оқытушылары бар. Осылайша, олар әділ бағаларын қойып, сайыстың өз деңгейінде өтуіне барынша атсалысты. Қазылар алқасының құрамында Риддер қаласының тілдерді оқыту орталығының директоры Құралай Садықова бар. Ол қатысушылардың байқауға жоғары дайындықпен келгендігі бірден байқалды, дейді.
Сайыстың өтетіндігі хабарланған сәттен бастап тыңғылықты дайындалуға кіріскендердің бірі - Лаура Ақбердинова. Ол ақыннның өмір жолы, шығармашылығымен жіті танысып, өлеңдерін жаттап келіпті. Лаура Ақбердинова Ұлан ауданы «Тілдерді оқыту орталығында» қызмет етеді.
Ал Шемонаиха ауданынан келген Арайлым Қасымова қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың мол әдеби, ғылыми еңбектерін болашақ ұрпаққа мұра етіп қалдырғандығын айтады. Ол ұлт ұстазының "Қырық мысал" деген алғашқы жарық көрген кітабын жата-жастана оқыған.
Қатысушылар сайыстың 2-ші кезеңінде бар күш-жігерлерін салып бақты. Шеберлік сабағында оқытушылар қазақ тілін ересектерге дидактикалық ойын арқылы жеткізу әдісінен бастап, жалқыдан жалпыға ауысу заманауи тәсіл блум таксономиясын көрсетті. Сондай-ақ, семантикалық карта әдісі арқылы, яғни берілген мәтіннен зат есім, сын есім, етістіктерді теріп жазу әдісін қолдануды үйретті. Осылайша, оқытушылар бір-бірімен өзара тәжірибе алмасты. Сайыс қорытындысы бойынша бас жүлдені Глубокое ауданынан келген Жазира Дарханбаева қанжығалады.
Ал бірінші орын тұғырынан Ұлан ауданы көрінсе, жүлделі екінші және үшінші орын Алтай, Шемонаиха аудандарынан келген қатысушыларға бұйырды. Облыстық байқаудың қорытындысы бойынша жеңімпаздар Мәдениет басқармасының арнайы дипломдары және бағалы сыйлықтармен марапатталды.