Өскемен гарнизоны жас сарбаздармен толықты. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Халық қаһарманы Қасым Қайсенов атындағы 27943 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеуге келген 300-ден астам сарбаз ант қабылдады. Қарулы күштердің қатарына іліккен бозбала көпшілік алдында ел қорғауға әзір екендіктерін салтанатты түрде мәлімдеді.

Әскери ант. Офицерлер пәрмені.Платцтағы саптық жүріс. Бұл жауапкершілігі мол қызметтің басталып кеткендігінің нышаны. Енді бұдан былай босаңсуға болмайды. Бұл жолғы әскери борышын өтеушілер еліміздің 9 өңірінен жиналған. Олар Отан алдындағы парызын құрлық әскері сапында өтеп, ел тыныштығын күзетпек. Әзірге жас сарбаздар әскери дайындықтан өтіп жатыр. Осыдан кейін жауынгерлер жалпы бөлімдерге бөлінеді.

Әскери қызметтің машықтарын меңгерген сарбаздар Отан алдындағы борышын өтеуге тас-түйін дайын. Сарбаз тек офицерлердің пәрменін орындап қана қоймай, жан-жақты, саяси тұрғыдан сауатты,өзгелерге үлгі болуы тиіс, деген пікірде түркістандық қатардағы жауынгер Бексұлтан Ергеш.

Халық қаһарманы Қасым Қайсенов атындағы 27943 әскери бөлімінің тыныс тіршілігімен толық танысқан ата-аналар командирлермен тілдесіп, ұлдарының алдағы қызметі қалай өтетіні жайлы сауалдарын қойып, тұшымды жауаптарын ала алды. Бауыр еті баласының бір ай ішінде нағыз ер азаматқа айналғанын көрдік,дейді ата-аналар қауымы.

Ал биыл әскер қатарына шақыру маусымы елде 1 қыркүйек пен 31 желтоқсан аралығында жүргізіліп жатыр. Күзгі шақырылым сәтті іске асырылуда.Шығыс Қазақстан облыстық қорғаныс істері департаменті қажетті сарбаздар құрамын жасақтаудың соңғы сатысында.