Ғалымның хаты өлмейді. Алаштың ардақты ұлы Ахмет Байтұрсынов есімі өскелең ұрпақтың санасында мәңгі қала бермек. Биыл ұлт ұстазының 150 жылдығы. Атаулы күнге орай, Риддер қаласында облыстық мәдениет басқармасының ұйытқы болуымен  «Ахмет Байтұрсынұлы - ұлт мұраты жолындағы ұлы тұлға» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Әріптесім Дильназ Тұрғазые  ва рет-ретімен тарқатсын.
Дәстүр бойынша ұлт ұстазының туған күні Қазақстан халқының тілдері күнімен қатарт тойланады. Осыған дейін мәдениет басқармасы Алтай қаласында ұлт ұстазына арналған ауқымды шара ұйымдастырған болатын. Аймақта өткізілген шараның қорытындысы ретінде, Ахмет Байтұрсынұлының есімін одан әрі ұлықтап, қызметте пайдалану мақсатында Риддерде облыстық конференция өткізілді.
Ғылыми-конференцияға ғалымдар, тіл мамандары, ұстаздар, аудан мен қалалардың мәдениет бөлімінің басшылары, тіл жанашырлары, оқыту орталықтарының мұғалімдері мен жетекшілері қатысты.
Конференцияға келген Ырысты Райханқызы, қоғам қайраткерінің қалдырған мұрасы тіл саясатын дамытуға тигізер үлесі зор, дейді.
Қазақ халқының қоғамдық ой-санасын дамытуда іске асырылған бастамалар Ахмет Байтұрсынұлы есімімен тікелей байланысты. Оны халық арасында рухани көсем деп те атайды.
Ұлттық ғылымның негізін салушы Ахмет Байтұрсынұлына арналған ғылыми конференция мақсаты – ұлт ұстазының шығармашылық мұрасын зерделеп, қоғамдық-мәдени сипатын таныту. Филология ғылымдарының кандидаты Сәкен Қасеновтың айтуынша, Ахмет Байтұрсынұлы жөнінде  ғылыми  тұжырымдар  жасау арқылы оның еңбектерінің өзектілігін, бүгінгі қоғаммен сабақтастығын да тани түсеміз.
Ұлт ұстазының мол мұрасы әлі толық зерттеліп біткен жоқ. Ахмет Байтұрсынұлының феномендік тұлғасы оның еңбектерін егжей-тегжейлі зерттегенде ғана ашыла түспек.
Ахмет Байтұрсынұлы бұл дәуірдің ғана емес, келер ғасырлардың да жасампаз жаршысы, ұлы ұстазы бола бермек.
Әрине, Ахмет тағылымын бір сәтте оқып тану мүмкін емес. Оны жылдар бойы зерттеу қажет. Ахмет Байтұрсынұлының ақын, публицист, ғалым, қоғам қайраткері санатында жасаған барлық еңбегі, болашаққа сенген үміт-арманы – ұлы миссияны орындауға, туған халқы үшін қасықтай қаны қалғанша қалтықсыз қызмет етуге арналған дейді тіл жанашырлары.
Расында, Ахмет Байтұрсынұлы қазақтың тіл білімі ғылымның дамуына орасан еңбек сіңірген тұлға. «Тіл құрал», «Оқу құралы», «Әдебиет танытқыш» сынды басқа да еңбектері қазақты қайтіп көркейтемін, қазақ баласын қалай сауаттандырамын деген ұлттық мәселелерден туындаған.