«Нағыз қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра». Ғасырлар бойы қазақ елінің тұрмыс тіршілігіне, қиын-қыстау күндеріне куә болған домбырадан артық халықтың күйін шертіп, мұңын айтар не бар? Ал домбыраның киесі туралы оны жасаған адамнан артық ешкім біле қоймас. Өскеменде ата кәсіпті қайта жаңғыртып, оны кәсіпкерлікпен үйлестірген Бақыт Кеңшілікұлы есімді азаматты тұрады. Ол жұрт сыйлап, ел танитын шебер. Бүгінге дейін шебер ұлтық аспаптың 2000 данасын жасаған. Жастайынан осы бір өнерге жаны құмартқан азамат жайлы Мирас Талғатұлы тарқатсын.

Қымбат әрі қатты ағаштарды жонып оны қалыпқа келтіріп, үні мен сазы күмбірлеген аспап шығару әркімнің қолынан келе бермейтін қасиет. Атажұртқа Моңғолиядан келген Бақыт Кеңшілікұлы – қазақ қолөнерінің майталманы, жанашыры, дәстүрлі аспап жасаудың шебері. Ағаштан ұлттық аспап жасайтын ұста 25 жылдан бері Өскеменде тұрып жатыр. Осы аралықта талай күйші мен әншінің қолында жүрген қара домбыраның авторы атанған. «Бұл істе әуелі икем мен асқан ептілік қажет», - дейді ұста.

Әр өңірден, тіпті алыс шетелден ағаштарды алдырып аспап жасайтын ағамыздың бүгінде тұрақты тұтынушылары да жетерлік. Жасалған аспаптар тұтынушылар көңілдерінен шығатынын шебер қуанышпен айтып жеткізді. Домбыра жасаумен қатар, қобыз, прима қобыз және ат әбзелдерін де қатар жасап жүрген ағамыз: «Ең бастысы еңбегім бағаланып, халықтың көңілінен шықсам соның өзі үлкен бақыт» ,- дейді.

«Тамыры мен тарихы тасқа таңбаланған, қазақ елінің болмысы мен өркениетінің куәгері саналатын, кешегі батыр бабаларымыз бен ақын аталарымыздың серігі болған бұл аспапты әр қазақтың төріне ілу - менің бір арманым» - дейді шебер.