Облыс әкімі Даниал Ахметовтың қатысуымен әкімдіктің кезекті отырысы өтті.  Бұл жолы тұрғын үй саласына қатысты бірқатар мәселелер талқыланды. Биыл жыл соңына дейін өңірде 317 мың шаршы метр тұрғын үй, яғни үш мыңға жуық пәтерді пайдалануға беру көзделген.

2023 жылы тұрғын үй салу көрсеткішін сегіз мыңға дейін арттыру жоспарлануда.
Қазіргі таңда өңірде жеке инвестициялар есебінен салынатын коммерциялық баспанаға сұраныс  жоғары. Бүгінгі күні 64 үйге жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Ал, қаланың 22-ші шағын ауданында құрылыс үшін жер учаскелері ресімделіп жатыр. "Бір қабатты Шығыс" бағдарламасы да өңірде сәтті іске асып келеді. Бұл бағдарлама бойынша 126 үй салынуда. Облыстың ауылдарында көпбалалы отбасылар үшін тағы қосымша 58 үй салынып жатыр.
 
Тіл саясаты мәселесі де өзекті. Жиында ауызекі қазақ тілін үйренуге ерекше назар аудару қажеттігі де айтылды. Облыс әкімі басқосуда әр түрлі этностардың өкілдері өз ана тілдерін үйренуі үшін барлық жағдай жасалғанын да тілге тиек етті. Сондай-ақ, білім беру саласындағы цифрландыру мәселесі талқыланды. Өңірдің барлық мектептерінде IT және робототехника сыныптары жұмыс істейтін болады. Аймақтағы білім беру мекемелері бейнебақылау жүйелерімен және дабыл түймелерімен жабдықталған. Ал digital East қосымшасы арқылы ата-аналық бақылау бағдарламасы енгізілуде. Аталған мақсатта болашақта оқушыларды цифрлық оқыту әлемдік үрдістер мен стандарттарға сай болуы үшін арнайы бағдарлама әзірлеумен айналысатын жұмыс тобы құрылады.