Облыс орталығының тұрғындары, әсіресе жасөспірімдер дәріханалардан тәуелділік тудыратын дәрі-дәрмектерді еркін сатып алуда. Заң бойынша олар дәрігер рецептісімен сатылуы керек.
Облыс  орталығындағы дәріханаларда мұндай тәуелділікке әкелетін заттардың сатылуы өзекті мәселе. Құрамында психикаға әсер ететін белсенді заттары бар медициналық препараттарды  алушылар саны артқан. Осы бір сананы улап, миды кептіретін, онысымен қоймай денсаулықты бүлдіретін есірткілік заттарға жастар жиі үйір болуда. Нашақорлар енді «Тропикамид» көз тамшыларын кеңінен пайдалана бастаған. Бұл тамшылар жанары сыр берген адамның көру қабілетін жақсартса, нашақор үшін қазір таптырмас дүние.
Маманның айтуынша бұдан бөлек, ауырсынуды басатын және босаңсытатын, ауруларға қолданылатын басқа да препараттар бар. Бұл дәрі-дәрмектертәуелділікті тудыруы мүмкін, өйткені орталық жүйке-жүйесіне тікелей әсер етеді.
Дәрігерлердің айтуынша, кәмелетке толмағандар арасында дәріханалық есірткіні қолдану жиі кездеседі. Осыған қарамастан, жосықсыз фармацевттер өз пайдасы үшін есірткіге тәуелді адамдар мен жасөспірімдерге қатты әсер ететін медициналық препараттарды рецептсіз сатуды жалғастыруда.
Заң бойынша фармацевтер сатып алушылардан рецепт талап етуі шарт. Олар медициналық құжатты 6 ай бойы сақтауы керек. Егер дәріханаға қандайда бір шағым түскен жағдайда, полиция тексеру жүргізіп, қажетті шараларды қолдана алады.
 «Сақтансаң - сақтайды» деген бар. Қалай десек те, есірткі кесірлі дертке айналды. Құқық қорғау қызметкерлері дәріханаларға шағымдар болса, тәртіп сақшыларына хабарласуды сұрайды.