Әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылық – қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі. Көкейтесті проблемаланы көтеру және шешу мақсатында Өскеменде дөңгелек үстел өтті. Сала мамандары мен қоғам белсенділері өзара ой бөлісіп, пікір алмасты.
Зорлық-зомбылықтың қоғамда белең алуы алаңдаушылық туғызады. Оның үстіне, ресми статистикада аталған дерекке қатысты мәліметтің бәрі енгізілмейді. Себебі, заңның әлсіздігіне байланысты көп қыз-келіншектер құқық қорғау органдарына арызданбайды,-дейді Түсіпхан Түсіпбеков.
Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық – бүгінде  заң бұзушылықтың ең көп таралған түрі. Аймақта нәзік жандылардың құқығын қорғау мақсатында әйел істері және отбасылық демографиялық саясат бойынша 1 облыстық, 2 қалалық және 9 аудандық комиссия жұмыс істейді.
Шараға қатысушылар зорлық-зомбылыққа немқұрайлы қарамауға, оны үнсіз қалдырмауға, отбасылық жанжалдан жапа шеккендерді сөкпеуге, сондай-ақ әйелдер мен ерлердің тең құқықтары мен мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге шақырды.
Айта кетейік, мұндай шаралар тағы да жалғасын таппақ. Отбасы институтын нығайту, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, ажырасу фактілерін азайту бойынша жоспарлы іс-шаралар құрылған. Қиын жағдайға тап болған азаматтарға уақтылы көмек көрсету мәселелері уақытылы жүзеге асырылмақ.