Бестерек ауылы маңындағы Ақбауыр кешенінде археологиялық қазба жұмыстары белсенді жүргізілуде. Археологтар 4 жыл көлемінде атқарылған жұмыстардың нәтижесі туралы баяндады. Еске сала кетейік, бұл жерден 7 бірдей қоныс табылған болатын.
Ақбауыр кешенінде 4 жылдың ішінде 7 бірдей қоныс табылған. Қазба жұмыстарының жетекшісі, белгілі археолог – Зейнолла Самашев.
Облыстағы қазба жұмыстары археология саласындағы ғылыми- зерттеу жұмыстарын дамытудың 2015-2026 жылдарға арналған бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Ақбауыр кешені 2019 жылға дейін үңгірлерімен ерекшеленіп келсе, ендігі кезекте табылған құнды жәдігерлерімен танылуда.
Ал археолог Шұғыла Меделбектің айтуынша, сақ тайпасының көшпелі мал шаруашылығынан бөлек, отырықшылықпен айналысқаны да қазба жұмыстары барысында анықталған. Ақбауырдан табылған қыш құмыралар, мыңнан астам сүйектен жасалған бұйымдар, тұрмысқа қажетті құрал-жабдықтар, дәнді дақылдардың қалдықтары бұған дәлел.
Зерттеу нәтижелері бойынша, төрт түлік малдан бөлек дала аңдарының сүйектері де табылған. Қасқыр, қоян, арқар, елік сынды жануарлардың сүйектері сол кезде мекен еткен тайпалардың аңшылықпен айналысқандығын дәлелдейді.