Жыл басынан бастап ТЖД мамандары, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, су тасқыны қауіпі бар аймақтарға мониторинг жүргізуді бастады. Тосыннан қатер төнуі мүмкін өңірлердегі өзен арналары тазартылып, жағалауларды нығайту үшін қосымша бөгеттер де қойылды. Жауаптылар өңірдегі су деңгейі жіті назарда екенін айтады.
ТЖД мамандары көктемгі маусымға дайындықты қазірден бастап кетті. «Апат айтып келмейді» деп, табиғаттың тосын мінезіне дайын болғанды құп санайды олар. Осы мақсатта біршама жұмыстар да атқарылған. Су тасқыны қаупін алдын алу үшін Мемлекеттік техникалық қызметтің жеке меншік иелеріне су қоймаларындағы қосымша резервтік сыйымдылықты арттыру туралы хабарлаған. Өңірдегі облыстық маңызы бар автомобиль жолдарындағы 102 көпір мен 1503 су өткізу құбырлардағы су деңгейі де бақылауда.
Облыс аумағында су тасқыны қаупі басым 71 елдімекен бар. Төтенше жағдайдың алдын алу үшін жеке құрамның 1764 адамы, 217 тасымалданатын және 18 тіркемелі мотопомпалар, құтқарушылар мен жергілікті атқарушы органдардың 60 жүзу құралдары, сондай-ақ азаматтық қорғау қызметтерінің 700-ден астам техникасы жұмылдырылады деп жоспарлануда. Сондай-ақ тұрғындарға қауіп төне қалған жағдайда оларды эвакуциалау үшін арнайы 124 пункте әзірленген.