Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында 2025 жылға дейін автомобиль жолдарының күтімі мен қауіпсіздігін арттыру, жергілікті жолдардың басым бөлігін қалпына келтіру бойынша Үкіметке арнайы тапсырма берген еді. Қазіргі уақытта республиканың әрбір өңірінде Президент пәрменін іске асыру жұмыстары жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда өңірдегі республикалық маңызы бар жолдарға ұдайы тексеру жұмыстары ұйымдастырылып, оның қорытындысына сай тиісті шаралар қолға алынады.
Мамандар жолдың күтіміне қырын қарауға болмайтынын алға тартады. Ал ол үшін тас жолдар қардан тазартылып, автомобильдердің еш кедергісіз өтуіне жағдай жасалып отыруы шарт.  «Жол активтері ұлттық сапа орталығының» аймақтық филиалы қызметкерлері қар мен көшкін көп түсетін, әрі тау аңғарындағы тазалануы қиын делінетін өткелдердің бірі - «Өскемен – Алтай- Рахман қайнары» бағытындағы республикалық маңызы бар автомобиль жолын қардан тазарту жұмыстарына бақылау жасады.
Қазіргі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша автожол саласын реформалау жұмыстары жүріп жатыр. Алдағы уақытта жол сапасын қадағалау жұмыстары күшейтілмек. Бұл туралы өткен жылдың қараша айында Орталық  Коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында айтылған еді.
Сондай-ақ, ОКҚ-нің ақпараттық алаңында көпшілікті толғандырған Алматы – Өскемен, Омбы- Майқапшағай бағыттарында салынып жатқан 900 шақырымға жуық жолдың құрылысы туралы сөз қозғалды.
Мейірхат Қасымбаевтың сөзінше, жол сапасына бірнеше сатылы тексерістер жүргізіледі. Автомобиль жолдарының жағдайы мұқият зерделеніп, маусымдық күтімін қадағалаушы әрбір компания тиісті зертханалық талдау жүргізеді.
Мамандардың сөзінше, жалпы алғанда жолдардың жай-күйі мен инфрақұрылымы жол-көлік оқиғаларының көптеп орын алу себептерінің бірі. Сондықтан жол құрылысындағы заңсыздықтарды анықтап, автомобиль жолдарының күтімін қадағалау жұмыстарына жете мән берілуде. Жергілікті жол тораптары мен республикалық маңызды жолдардың сапасын жақсартып, азаматтардың қауіпсіздігін арттыру – басты міндет.