Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметке берген тапсырмасына сәйкес биыл пайдаланылмай жатқан 5 миллион гектар ауылшаруашылық жер мемлекетке қайтарылады. Жауапты ведомство басшысы Ербол Қарашөкеевтің хабарлауынша, қазір алқаптарды ғарыштық мониторинг арқылы бақылау жүйесі айтарлықтай жетілдірілген. Бұл жұмыс «Қазақстан Ғарыш Сапары» компаниясының базасында жүргізілді. Бүгінде Шығыс Қазақстан облысында пайдаланылмай жатқан ауылшаруашылық жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүзеге асырылуда.
Республика көлемінде пайдаланылмай жатқан ауылшаруашылық жерлерді мемлекет меншігіне қайтару мақсатында жер инспекторы платформасы әзірленіп, өткен жыл соңында іске қосылды. Қазіргі уақытта жерге қатысты деректерге талдау жасалып, учаскелерді негізсіз пайдалану белгілері анықталуда.
Дәулет Сармановтың сөзінше, ауылшаруашылық мақсаттағы жер телімдерін цифрландырудың пайдасы көп. Ғарыштық мониторинг қорытындысы бойынша, жерді пайдалану кезінде 370,2 га алқапта түрлі кемшіліктер анықталғаны туралы ақпарат бірыңғай базаға енгізілген. Алдын ала жоспар бойынша, биыл облыс аумағында тиімді пайдаланылмай жатқан 120 мың га-қа жуық ауылшаруашылық жерлерін мемлекет меншігіне қайтару көзделген. Бұл жұмыстар жергілікті жердегі атқарушы билік өкілдерінің қатаң бақылауына алынған.