Елде интернет алаяқтыққа қатысты қылмыстардың саны күрт өскен. Жыл басталғалы   облыста қылмыстың осы түріне жататын бірнеше іс қаралған. Заңға қайшы әрекеттің алдын алу мақсатында өңірде арнайы түсіндірме сабақтар да жүргізіле бастады.
Полиция инспекторы Гүлнұр Түсіпова интернет алаяқтықтың ең басты ерекшелігі – жалпақ жұрттың бәріне қатысты жасалатындығында, дейді. Ақша табудың жеңіл жолын іздейтіндер бүгінде ғаламтор арқылы қулық-сұмдықтың түр-түрін ойлап тапқан.
Ақпараттық жүйені пайдаланып, алдап арбау арқылы ақшалы болудың ең көп таралған жері – сауда-саттық маңы. Әсіресе, әлеуметтік желіде кімнің ақ, кімнің теріс пиғылды екенін ажырату өте қиын. Тәртіп сақшылары жақында осы сайттар арқылы жасалған қылмыстың бірнеше түрін анықтап, тұрғындарды сақ болуға шақырды. Алаяқтардың арбауына түсіп қалмау үшін арнайы сабақтар мен дөңгелек үстелдер жүргізілуі тиіс, дейді жоғарғы оқу орнының ұстазы Ермек Жүнісбеков.
Әдетте алаяқтар әлеуметтік желілерге жалған  хабарландырулар орналастырады немесе аккаунт пен арнайы бет ашып, сайт жасап алады. Ең жиі кездесіп жүрген интернет алаяқтықтың түрлері: интернет арқылы сауда жасау және қызмет көрсету, сондай-ақ өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, жеке деректерді иемдену және бөтен біреудің атынан онлайн-несие рәсімдеу арқылы жасалатын қылмыстар болып отыр.