Биыл 23 қаңтардан бастап өткен жылдың 1 қыркүйегіне дейін елге әкелінген шетелдік көліктерді заңдастыру басталды. Автокөлік иелерінің онлайн-өтінімін ҚР Ішкі істер министрлігі қарап, құжаттарын тексереді. Ары қарай көлігін заңдастыруға рұқсат алған меншік иесі мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына барып, кезең-кезеңімен мемлекеттік тіркеу ережелерін орындайды.
Шетелден әкелінген көлігін заңдастырамын деген азаматтар ең алдымен «egov.kz» порталындағы «Шетелдік автокөлікті заңдастыру» бөліміне өтіп, деректерді толтырып, тексеруге өтінім қалдыруы тиіс.
Бұдан кейін заңдастыруға рұқсат берілген көлікті иесі мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының тексеру пунктіне белгіленген уақыттан 20 минут бұрын әкеледі.
Тексеруден өткен соң, темір тұлпардың иесі мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының маманына автокөлікке меншік құқығын растайтын құжаттың түпнұсқасы мен шетелдік техникалық паспортын тапсырады.
Тиісті төлем жүргізілген соң, телефон нөміріне құжаттар дұрыстығын растайтын смс-хабарлама келеді. Кейін дайын техникалық паспорт пен мемлекеттік нөмір беріледі. Осындай тіркеу кезеңдерінен өтіп, көлігін заңдастырған қала тұрғынының бірі – Нұржан Иманжанов.
Шетелдік автокөліктерді заңдастыру үрдісі республика бойынша бір реттік акция ретінде өтіп жатыр. Бірыңғай талаптармен бекітілген ереже 1 шілдеге дейін жұмыс істейді.