Мемлекет басшысы Жолдауында 2025 жылға қарай кемінде 100 мың жоғары білікті IT маман даярлауды тапсырған болатын. Сондықтан ел аймақтарында IT- білім беруді қолдауға ерекше назар аударылған. Осыған орай облыс орталығындағы іргелі оқу орындарының бірі Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-де аймақтық IT Hub ашу жоспарлануда.
Ел Президентінің айтуынша, екі жыл бұрын әлемдік нарыққа 30 миллион маман керек еді. Бүгінде бұл қажеттілік 100 миллионға жетті. Ал 2025 жылға қарай 200 миллионға дейін артады. Уақыт өткен сайын бұл көрсеткіш өсе бермек. Яғни осы салада кәсіби мамандарға деген сұраныс өте жоғары. «Сондықтан аймақта IT Hubтың ашылуы өңірдегі осы саланы одан әрі дамытуға және білікті кадрларды даярлауға септігін тигізері анық» , - дейді университет ректоры Сәуле Рахметуллина
"Astana Hub"  технопаркінің басқарушы директоры Алина Әбдірахманованың айтуынша, биыл наурыз айында меморандумға қол қойылады. Осылайша, аймақтағы алғашқы IT Hubтың ашылуына жол ашылмақ. Әзірге дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.
IT Hub өңірдегі цифрлық ақпараттың кең тарауына ықпал етіп, жергілікті жас дарындардың өз идеяларын жүзеге асыруға жәрдемдеседі. «Алдағы уақытта жастар жаңа технологиялардың қыр-сырын меңгеріп, үлкен жетістіктерге жететініне сенімдімін. Біз заман көшінен қалмай, алға қадам басуымыз керек», - дейді облыстық цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы
Айта кетейік, Astana Hub – Орталық Азиядағы IT-стартаптардың ірі халықаралық технопаркі. Қазіргі уақытта технопаркте 1006 қатысушы бар, оның 217 - сі шетелдік компаниялар. Astana Hub резиденттері барлығы 14 мыңнан астам жұмыс орнын ашты.