Өскемендегі университеттердің бірінде магистрант автоматтандырылған қоқыс сұрыптау кешенін ойлап тапты. Жоба бойынша кешен күн және жел энергиясынан қуат алады. Оған қоса, арнайы QR-код орнатылады. Информатика мамандығының студенті Дәулетбек Ағзам қытайлық жоба негізіндегі арнайы құрылғыны ойлап тапты. Оның айтуынша, тұрғындар қоқысты жай ғана тастамай, ол үшін ақша да алады. Яғни, әр қоқыстың материалы, салмағына байланысты есепшотқа қаржы түседі. QR-код қоқыс тастаушыға төлем қызметін атқарады.

Жас өнертапқыш тамақ қалдықтары салынатын контейнерге арнайы желдету жүйесі бар салқындатқыш орнатпақ. Осылайша, жағымсыз иіс ауаға тарамйды. Қоқыс сұрыптау кешенін одан әрі дамыту үшін Қытайға сапар жоспарлауда. Бастысы ізденіс пен қызығушылық бар. Тек жергілікті атқарушы органдардың қолдауы қажет.

Оның жобасы Түркиядағы ЕХРО халықаралық STEM-фестивалінде көпшілік назарына ұсынылды.  Дәулетбек Ағзамның жобасын салалық нарық сарапшылары да жоғары бағалады.