Университет қызметкері құрақ тігу өнерін насихаттауда. Физика және технологиялар кафедрасының өндірістік оқыту шебері Айжан Үмбетова төл өнерге арнайы жоба дайындап, оған «Мағыналы құрақтар» деп ат қойған. Ерекше заманауи үлгідегі төрге төсейтін құрақ-көрпелерді Айжан Төлеуханқызы бар жанын салып тігеді.
Мата қиындыларын қиюластырып, түрлі пішінде ою-өрнектен құралған көрпені «Құрақ» немесе «Құрақ-көрпе» дейді. Университет қызметкері Айжан Төлеуханқызы дәл осы істі таңдап алғаны да бекер-емес. Мақсат – құрақ тігу ісін дамытып, оны насихаттау. Үйренуден жалықпайтын, қызыққан істі меңгеруге тырысатын ол тіпті «Кәсіптік оқыту, көркем еңбек және графика мамандығына» оқуға түскен. Осы саланы ары қарай терең меңгермек. Шебер бұл жобасымен бірнеше рет Startup жобалар байқауына түсіп, үздіктер қатарынан көрініп үлгерген. Бұл ерекше дарын шеберге анасы мен әжесінен дарыған.
Шебердің айтуынша, құрақтың бұл түрін тігу Шығыста дамымаған, тіпті оны тігетін шеберхана мүлдем жоқ деуге болады. Ши құрақтармен жасалған көптеген дүниелерді тұрмыста қолдануға болады. Мысалы, көлік салонына жапқыштар, жастықтар, шымылдық, төсек жапқыш, сөмке де тігеді. Бір сөзбен табыс көзіне айналдыруға да таптырмас жоба. Айжан Төлеуханқызы бұйымдарын түрлі дизайнда, әртүрлі жас ерекшеліктеріне де байланысты тігеді. Ең ерекшелері балаларға арналған көбейту кестесі, сағат, әліппе, географиялық карталар бейнеленген жастықтар мен құрақтар. Осылайша, бүлдіршіндерді оқу-білімге қызықтырмақ. Бұған қоса, шебер құрақ тігуді үйренгісі келген жандар үшін ютубта өзінің каналын ашқан. Қосымша арнайы кітапша да әзірлеген. Кітапшада QR-код бейнеленген, сол арқылы ютубтағы бейне сабақтардан тігін өнерін үйренуге мүмкіндік бар.
Қолөнер шеберінің қолынан шыққан әр туындының өзіндік тарихы бар. Әрқайсысы өзінше ерекше. Мәселен, мына жастықтардың барлығы бір-біріне ұқсамайды. Дәл осындай жастықтарға тапсырыс берген жанның бірі- Гүлнүр Мұқанова.
Айта кетейік, ерекше құрақтар мен тақиялар тек елде ғана танымал емес. Сондай-ақ, шет елдерден де тапсырыс беріп алып жататын тұтұнушылар бар көрінеді. Жуырда ғана Айжан Үмбетова Германия мен Түркия еліне арнайы жіберген екен.