Темір жол – қауіпті аймақ. Ұлан ауданы Айыртау станциясында тұрғындардың төрт түлігі қараусыз жайылуы салдарынан жолаушылар мен жүк пойыздары зардап шегуде. Мәселен, биыл 11 оқиға тіркелген. Ал пойыз жүргізушілері апатқа ұшырау қаупі төнген уақытта шұғыл тоқтау тетігін қосуға мәжбүр.
Соңғы кездері ауыл маңына таяу орналасқан теміржол бойына шығып кететін жеке иеліктегі малдар көбейді. Ірі қараның жолды бөгеуіне байланысты пойыздар жедел тежегішті басып тоқтауға мәжбүр. Шұғыл тоқтату вагондағы адамдардың жарақат алуы мен жүктің соқтығысуына әкеледі. Адамдар теміржолға жақын маңда мал жаю ережесін сақтамайды. Бұл қозғалыс қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді», дейді мамандар.
ҚР-ның 2001 жылғы 8 желтоқсандағы «Теміржол көлігі туралы» және басқа да теміржол көлігіндегі нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес, нұсқаулықтар бойынша қоршалмаған учаскеде малды теміржолдан 300 метр қашықтықта арқандаулы бағуға ғана рұқсат берілген. Ал, темір жолдың бойында малды қағып кету дерегі тіркелсе, онда Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 559-бабына сәйкес мал иесі 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді.
Кәмелетке толмаған балаларды қадағалау ата-ананың міндеті болғандықтан оларға ұдайы темір жол аумағының қауіптілігі жөнінде ескертіп отыруы керек, дейді полиция қызметкерлері.

Талғатбек Төлеубаев  шаруа қожалығында жұмыс істейді. Оның айтуынша темір жол бойында мал бағу қиын.
Төрт түлікті теміржолдың айналасына бағудың өз тәртібі, өз ережесі бар. Әрбір елді мекендердің, шаруа қожалықтарының мал жаюға арналған белгіленген учаскесі болуы тиіс. Сондықтан, жергілікті тұрғындарға төрт түлікке бас-көз болып, малдарға бақташы бекіту жайын қолға алу керек, дейді тәртіп сақшылары.