Қазақтың ұлттық тәрбиесінің алтын қазығы – салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрпы. Бүгінгі өскелең ұрпақ туған халқының ғасырлар бойы қалыптасқан тіршілік қағидасынан қол үзбеуі қажет. Ал Солжағалау этнографиялық кешені салт-саналар мен әдет-ғұрыптарды жаңғыртуға өзіндік үлесін қосып келеді.
Музей-қорықтың Солжағалау кешенінің этнографиялық аймағы – ашық аспан астында қанат жайған сәулет және тұрмыс музейі. Оның алаңын 6,9 гектар құрайды. Нысан ғылыми-танымдық, көркемдік-тәрбиелік жағынан ұтымды ұйымдастырылған.
Ашық аспан астындағы музейде  қазақ ауылының тастан және ағаштан салынған әр кездегі үйлері бар. Үйлердің ішінде ежелгі жиһаздар, тұрмыстық әбзелдер бар.Олар ата-бабамыздың өмір-салтымен, тұрмыс жағдайымен толық таныстырып тұрғандай.

Этнографиялық кешен аумағында бой көтерген шеберлер қаласында облыстағы қолөнершілер бұйымдар жасаудан дәрістер мен тренингтер ұйымдастырады. Олардың жәрмеңкелері мен көрмелері өткізіледі. Жаз айында қазақ ауылында тұсаукесер, беташар дәстүрлері көрсетіліп, қымызмұрындық, ұлттық домбыра күні сынды халықтық мерекелер тойланады.