Бүгін «ALTAI» телеарнасының мерейтойы. Шығыстың басты арнасына – 65 жыл.1958 жылдың 16 наурызында алғашқы хабар көрерменге жол тартты. Сол күні телеарнаның эфирінде «Жеңіс салюті» бағдарламасы өтті. Бұл - қазақ телевизиясының тарихында Алматы студиясынан кейін құрылған алғашқы телеарна саналады. Облыс орталығында телеорталық салу туралы Үкіметтің қаулысы 1956 жылы 21 қарашада қабылданған.
 «ALTAI» телеарнасы - Кенді Алтай тұрғындарының тыныс-тіршілігі мен әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуы турасында нақты ақпарат таратып, мемлекеттік даму бағдарламаларының орындалу барысы туралы халықты хабардар етіп отыр. Табалдырықты табандылықпен аттаған әрбір жаңа қызметкер әкелетін тың идеялардың арқасында арна эфиріндегі бағдарламалардың сапасы көркемдік стилі жағынан ілгерілеу үстінде. Тақырыптық бағдарламалар мен хабарларды әзірлеуде авторлық көзқарас пен өзіндік ізденіс - басты талап. Тақырыптық хабарлар, авторлық бағдарламаларда әлеуметтік-экономикалық, саяси-қоғамдық, мәдени және спорттық тақырыптар жан-жақты қамтылады.
Маманның аздығы, техника тапшылығы, студия тарлығы Қазақ телевизиясын қалыптастыруға еш кедергі келтірмеді. Телеарна тарландары тәуекел етіп, барын салып жұмыс істеді. Алғашқы хабарлар әр аймақтың әлеуметтік-мәдени, шаруашылық өмірін тасқа басты. Бастапқыда шығарылымға фотосуреттер қолданылды. Кейін оларды кинотаспалар өнімі алмастырды.
Облыстық телеарна өз кезегінде көптеген жас мамандарға мектеп болды. Кәсіби кадрларды даярлайтын қара шаңыраққа айналды. Қазіргі таңда қарашаңырақтың түлектері еліміздің түрлі белді де беделді БАҚ және шетелдерде еңбек етуде. Атап айтсақ, Нұрбек Бекен, Айнұр Омар, Ольга Цой, Александр Трухачев,  Алексей Рыблов, Александр Подойников және т.б. Елге танымал журналисттер қызмет жолын дәл осы Алтай телеарнасынан бастаған еді.
Арнаның кадрлық әлеуеті мен ақпарат беру әдіс тәсілі жылдан жылға артып келеді. Жаңа техника  түрлерінің пайда болуы телеарнаның дамуына зор үлесін қосты. 65 жыл ішінде Алтай телеарнасы бірқатар өзгерістерді бастан кешірді. Сондай жаңашылдықтардың бірі телеарна атауының өзгертілуі. 2003 жылы Өскемен облыстық телерадиокомпаниясының атауы Қазақстан-Өскемен болып өзгертілді. 2017 жылдан бастап «Аltai» телеарнасы деп бекітілді.
«Алтай» телеарнасының тарихы тереңде. Шығыстың басты арнасы сандық технология сағаттап дамыған кезеңнен бір сәтке де қалыс қалмай келеді. Әлеуметтік желілердің әлеуеті артқан тұста да телеарна көзқарақты көрермендерінен қол үзбеді. Осылайша, «Алтай» арнасы қазіргі таңда шығыста көш бастап, шынайы әрі шұғыл ақпараттың көзі болып отыр.