Дәрігер – жауапты мамандықтың бірі. Бұл сала терең білім мен жауапкершілікті қажет етеді. Облыста медицина саласы заман ағымынан қалмай дамып келеді. Қазіргі уақытта өңір дәрігерлері шетелде оқып, мол тәжірибе жинақтап, жоғары технология әдісімен күрделі оталарды жасауда. Өз қызметтерін абыроймен атқарып, игі істерімен ел аузына іліккен білікті мамандар туралы келесі бейнематериалда.
Инновациялық технологиялардың дамуына қарай облыстағы медицина саласында да ілкімді істер бар. Мәселен Алматы, Астана сияқты ірі қалаларда жасалатын күрделі оталар бұл күнде Өскеменде де жасалуда. Білікті мамандардан құралған дәрігерлер тобы бұл үшін арнайы бөлімді ашуға атсалысып, тынымсыз еңбектенуде. Бір жылдың ішінде инновациялық бөлім мамандары 1080 операция жасаса, соның 176-сы жоғары технология әдісімен іске асқан.
Күрделі оталар жасап, ағзадағы әр түрлі дерттік үрдістері бар пациенттерге ем тағайындайтын  - урология бөлімшесі. Ширек ғасырдан бері мұнда түскендерге жедел және жоспарлы түрде урологиялық көмек көрсетіледі. Бұл сала көлемді болғандықтан, әйелдер мен ерлерде болатын урологиялық аурулардың түр-түрі кездеседі. Тәжірибелі мамандар қысқа мерзімде нақты диагноз қойып, сапалы терапия жүргізеді. Десе де, бұл салада емдеудің жаңа әдістерін қолдану мен заманауи жабдықпен қамтуда түйткілді мәселелер бар.
Жүрек-қантамыр аурулары – ең көп тараған дерттің бірі. Бүгінде облыста кардиохирургия саласы жыл өткен сайын жаңа қарқынмен дамып келеді. Білікті дәрігерлер жүрек ауруларының қауіп-қатер факторларын дер кезінде анықтап, қажет болса, тиісті оталар жасайды. Өңірдегі кардиохирургия бөліміне жетекшілік етіп, бұл  саладағы мол тәжірибесін емдеу ісінде шебер қолданып жүрген өскемендік кардиохирург – Еділ Ботабаев.  
Қазіргі медицина саласының негізгі және басым міндеттерінің бірі – ана мен бала денсаулығын жақсартып, сапалы медициналық көмек көрсетуді жетілдіру. Бала өміріне жауапты медицина қызметкерлерінің де еңбегі ерен. Бұл саладағы өзіне жүктелген жауапты міндетті абыроймен атқарып, үлкен беделге ие болған білікті дәрігердің бірі – Михаил Пушкарев.
Дәрігер – жауапты мамандық. Адамдар оларға денсаулығын сеніп тапсырады. Сондықтан дәрігерлер мейірімді жүрегі, рухани сезімталдығы мен кәсіби біліктіліктері арқылы қоғамда жоғары құрметке ие.