Облыстың 59 емдеу мекемесі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры аясында азаматтарға қызмет көрсетеді. Соның 11-де өңір тұрғындары тегін тіс емдей алады. Бұл санатқа 18 жасқа толмаған балалар, жүкті әйелдер және зейнет жасындағы тұрғындар кіреді. Арна тілшілері БАҚ өкілдеріне арналған пресс-тур барысында Өскемендегі емдеу мекемелерін аралап көрсетілетін қызметтермен танысып қайтты.
Тұрғындар мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры шеңберінде көптеген медициналық қызметті тегін ала алады. Балалар стоматологиялық емханасының бас дәрігері Махамбет Имашпаевтың айтуынша, емхана күніне 107 адам қабылдауы тиіс. Алайда, 200-ге жуық балаға көмек көрсетуге тура келетін жайттарда болатын көрінеді.
Биыл әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры бірнеше емханамен  келісімшарт жасасты.
Тұрғындар мемлекеттік емханалардан бөлек, жеке клиникаларда да тістерін тегін емдете алады. Ол үшін емделуші алдын ала қоңырау шалып, тіркелуі қажет.  Егер баланың тісі ауырса, міндетті түрде ата-анасының немесе заңды өкілінің рұқсаты болуы тиіс.
Стоматологиялық қызметті алуға құқылы жекелеген санаттағы азаматтар ӘМСҚ-мен келісімшарты бар стоматологиялық емхананы өзі таңдай алады. Медициналық мекеме науқасты қабылдаудан бас тартса, 1406 нөміріне хабарласуға болады.