Жуықта өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы талқыланған келелі жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев рухани құндылықтарымызды сақтауға ерекше назар аудару керектігін айтты. Президент халқымыздың дүниетанымына сай, дәстүрлі исламды дәріптеудің маңыздылығына ерекше тоқталды. Осыған орай, Өскеменде дін саласының жетекші мамандарының қатысуымен «Алтай өңіріндегі рухани ағартушылық мәселелері: тарих және қазіргі кезең» тақырыбында конференция өтті.
Жиында дін мен дәстүр үйлесімділігі, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру, ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттау мен жат ағым ұстанушылардың ықпалынан сақтану бағытындағы өзекті мәселелер көтерілді. Республика көлемінде халықпен тығыз жұмыс істейтін мамандар өңірлерді аралап, атқарушы билік органдарымен бірлесе отырып, ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын үздіксіз  жүргізуде.
Дінтанушылар дәстүрлі исламның ғылыми-теориялық негіздерін жіті зерттеп, зерделеп, негізгі бағыттарын ұстана отырып, өскелең ұрпақты тәрбиелеудің  маңызы зор екенін алға тартады.
Шығыс Қазақстан облысының бас имамы Ермек Мұқатайдың айтуынша, қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы мен мәдениетін дәріптеп, дәстүрлі ислам негіздерінің халық санасына берік орнауына зор үлес қосқан тарихи тұлғаларды ұлықтап, қазіргі жастарға таныту қажет.
Конференцияда мамандар өздеріне қойылған сұрақтарға да жауап берді.