Аймақта «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру басталды. Білім ошағы бой көтеретін елдімекендердегі жер телімдері жергілікті билікпен анықталды. Ұлттық жоба аясында 2023-2025 жылдар аралығында облыста 4200 орындық 10 мектеп салу жоспарланған.
Ағымдағы жылы аймақта 3000 орындық 7 мектептің құрылысы басталған. Оның ішінде 600 орындық  2 мектеп Өскемен қаласында, 1 -і Риддерде. Ал Белоусовка кентінде және Шемонайха, Опытное поле ауылдарында 300 орындық  білім ошағын 2024 жылы пайдалануға беру жоспарланған. Бұдан бөлек, 2024 жылы облыс орталығында тағы 1200 орындық 2 мектеп салу көзделген. Ал 2025 жылы Прапорщиково ауылында жаңа білім ошағы пайдалануға берілмек.
Бұл мектептің ерекшелігі мұнда бастауыш және жоғары сынып оқушылары бөлек блоктарда білім алады. Мұнда жеке  спорт залдары да қарастырылған. Білім ошағында психолог және логопед, робототехника, биотехника және хореография залдары болады. Бастама қауіпсіздік шараларын арттыруға бағытталған.