Өңірде түрлі түзету әдістері арқылы сөйлеу кемшіліктерін түзейтін логопед мамандар тапшы. Ал, ата-аналардың көпшілігі балаларын арнайы орталықтарға апару үшін ауылдық елдімекеннен аудан орталықтарына тасуға мәжбүр. Осы түйіткілді мәселенің шешімін тапқан Белоусовка ауылының тұрғыны жақында мемлекеттік грант арқылы логопедиялық кабинет ашты.
Белоусовкада 10 мың адам тұрады. Ал ондағы балабақша мен мектепке баратын балалардың саны 2 мыңға жуық. Статистикаға сәйкес, балғындардың шамамен 10%-да сөйлеу ауытқушылықтары бар. Балабақшаларда логопед маман жоқ, ал мектептерде дефектологтар тапшы. Осы мәселені шешу үшін Маргарита Камалова  мемлекеттік грант есебінен 1 млн. 225 мың қаржы алып, логопедиялық орталықтың іргетасын қалады.
Логопедиялық кабинет - әдістемелік материалдармен, қажетті құралдармен, жиһазбен, әдебиеттермен жабдықталған.  Қазір бұл жерде 10 балаға қызмет көрсетіледі.
Логопед пен дефектологтарға артылар жауапкершіліктің жүгі ауыр. Әрбір баланың дұрыс сөйлеп кетуі үшін жұмыс жасау қажырлы еңбекті талап етеді. Ал, осындай орталықтың көптеп ашылуы халық игілігі үшін аса қажет.