31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Бұл күн елде 1997 жылдан бері тұрақты түрде аталып өтеді. Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы 14 сәуірде жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы ҚР Заңы қабылданды. Ал 2020 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеу жариялап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырды. Президент пәрменінен кейін әр аймақта өңірлік комиссиялар жасақталды.

ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен адамдардың тағдыры тарихтың қойнауында, жабық күйде қалмау керек, дейді зерттеушілер. Сондықтан өткеннің қасіретті тәжірибесі объективті тұрғыдан бағаланып, ой елегінен өткізілуі тиіс. Бұл шара – жазықсыз жапа шегіп, қазақты егеменді ел етеміз деп еркіндікке ұмтылған азаматтардың алдындағы борышты өтеуге, парызды ақтауға арналған жұмыстардың бастауы.

Жалпы, зерттеушілер деректеріне сүйенсек, 1927-1953 жылдары Қазақстан бойынша 125 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Олардың 25 мыңы атылды. Осы кезеңде бүкіл елде 953 лагерь болған. Қазақстанда ГУЛаг-тың 20-дан астам лагері орналасқан.