Ауыл халқы ем іздеп қалаға сабылмайды. Зайсан ауданында шалғай ауыл тұрғындарына жылжымалы медициналық кешен қызмет көрсетуде. Медициналық қызметтің ұтымды тұстары жайлы әріптестерім тарқатсын.

Шалғайдағы елдімекендерге дәрігерлік көмектің қолжетімділігін арттыру  мақсатында Зайсан ауданында жылжымалы медициналық кешен жұмысы іске қосылған. Оның құрамында бейінді мамандар бар.

Биыл дәрігерлер 22 елдімекенді аралауды көздеп отыр. Оның ішінде Тарбағатай ауданының 4 ауылы бар. Жыл басталғалы аталған кешеннің қызметіне 415 адам жүгінген. Мамандар бекітілген кестеге сәйкес аптасына 2, ал айына 8 рет ауыл-ауылды аралап, медициналық қызмет көрсетеді.
Жылжымалы кешеннің қызметін тұрғындар пайдаланып қана қоймай, өздерін толғандырған сауалдарға жауап ала алады. Кешен қызметкерлері тек медициналық қызмет көрсетумен ғана шектелмейді. Қазіргі таңдағы аса қауіпті инфекциялардың, маусымдық аурулардың алдын алу, олардан сақтану, қауіпсіздік шараларын ұстануы және салауатты өмір салтын қалыптастыруы туралы ақпараттық жұмыстарды да жүргізеді.