Бұл білім ордасында бүгін 34 түлек үшін мектеп қабырғасындағы қоңырау соңғы рет соғылды. Үлкен өмірге қадам басқалы тұрған түлектерге мектеп директоры сәттілік тілеп, мұғалімдерге атқарған жұмыстары үшін алғыс білдірді.

Түлектер өздеріне жүктелген үкілі үмітті ақтағысы келетіні сөзсіз. Алтын ұя мектеппен қоштасу кешіне балалар тыңғылықты дайындалыпты. Көпшілік алдында өнерлерін көрсетіп, ән шырқап, би биледі. Балаларының қуанышын көруге жиналған ата-аналар оларға ақ жол тіледі.
Мектеп бітірушілер бүгін ерекше толғаныс үстінде. 11 жыл бойы білім нәрімен сусындаған алтын ұяларын қимағанымен болашаққа нық қадам басуға дайын. Ұстаздарына да айтар алғыстары шексіз.
    
11 сынып оқушылары үшін соғылатын соңғы қоңырау – тебіреніске толы, өмір бойы есте қалатын сәт. Сондықтан түлектердің көңілдері алабұртып, қимастық сезіммен балалықтарын шығарып салып, мектеп өмірімен қош айтысуда. Оларды алда талай сынақ күтіп тұр. Бұл мерекелік шара – оқушылар үшін бір жылдық ізденіс пен талаптанудың қорытындысы, жаңа белеске қадам басудың белгісі, дейді ұстаздар.