Өскеменде қазақ тілін үйренуге құштар жандар көп. Тіл үйрету курстары жетіп артылғанымен, ақылы оқуды көбінің қалтасы көтермейді. Мемлекеттік тілді үйренгісі келетіндерге облыс орталығында «Сөйле» атты үйірме жұмыс істеп тұр. Қазақ тілін үйренгісі келетіндерге мұнда аптасына екі рет тегін сабақ жүргізіледі.
«Сөйле» атты қазақ тілі үйірмесіне бір жыл ішінде 100-ден астам адам қатысқан. Қазақ тілінің маманы Анжелика Шабданбекованың бір өзі қала тұрғындарына ана тілін тегін үйретеді. Анжелика Ресейден Жарма ауданына бала кезінде көшіп келген. Сол уақыттан бері қазақ тілінде емін-еркін сөйлейді.
Топтық құрам практикалық тапсырмаларды жиі орындайды. Мәселен, ән айту арқылы тілдерін жаттықтырса, пікірталас арқылы өз ойларын жеткізеді. Ынталы топтың ортақ тіліегі – қазақ тілін жетік меңгеру.
Үйірмеге қатысушылар бір-біріне тез бауыр басып кеткен. Қазір олар ортада ойларын ашық жеткізеді. Ынталы жастың бірі – Марина Сабаева. Ол әлеуметтік желіде «Сәлем балапан» бағдарламасын жүргізу үшін қазақ тілінің қажет болғанын айтады. Сол себепті ол арнайы курсқа жазылып, сауатын ашып жүр.
Қатысушылардың уақытын тиімді ұйымдастыра білген «Сөйле» клубы алдағы уақытта түрлі форматтағы шеберлік сағаттарын өткізбек.