Риддер қаласының Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары шетел азаматына жеке сәйкестендіру нөмерін қалыптастыру үшін құжаттарды қабылдаудан бас тартқан. Құжатын ретке келтіре алмаған азамат ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аймақтағы департаментіне жүгінген. Департамент қызметкерлері шетел азаматының мәселесін шешіп, құжат алуына көмектесті. Мәселенің мән жайын тілші баяндасын.
6 ақпанда Департаментке Риддер қаласының тұрғынынан шетел азаматына сенімхат бойынша жеке сәйкестендіру нөмірін алу үшін құжаттарды қабылдаудан негізсіз бас тартқаны туралы шағым түскен. Риддердегі ХҚКО мамандары көрсетілетін қызметті алушының өтінішін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Көші-қон қызметі комитетінің 2024 жылғы 19 қаңтардан бастап шетелдіктер мемлекеттік қызметті алу үшін сенімхат бойынша өкіл арқылы жүгінген жағдайда құжаттарды қабылдауды тоқтатату туралы хаттың негізінде қабылдамай қойған. Дегенмен, өтінішті қарау барысында олқылықтар анықталған көрінеді.
Осыған байланысты Департамент көрсетілетін қызметті алушыдан құжаттарды дереу қабылдау туралы және облыстың Халыққа қызмет көрсету орталықтарында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу туралы хат жолдаған. Нәтижесінде бұл мәселе шешімін тауып, шетел азаматына қызмет көрсетілді.
Департамент мамандары азаматтардың құқықтары бұзылған жағдайда басқармаға жүгінуді сұрайды. Еске сала кетейік, былтыр облыс тұрғындарына 11 млн. астам мемлекеттік көрсетілетін қызмет берілді. Оның 96,7% электронды түрде, 2,5 % ХҚКО арқылы, 0,8% қызметті берушілердің кеңселері арқылы жүзеге асқан.