Көшпенділер үшін күн мен түннің теңелуі, күннің жылына бастауы – жаңару мен жаңғыру уақыты. Қар көбесі сөгіліп, қытымыр қыстың қайтуы Наурыз мейрамының мән-маңызын одан ары арттыра түседі. Әсіресе, таулы, нулы өлкеде тұратын жерлестер бұл күннің бар рахатын сезінуде. Осы орайда риддерлік ағайынды айтпай кетпеске болмайды. Тұрғындар бұл күнде асыр салып ән айтып, кенді шаһардың көк аспанын дүбірлі думан қылды.
ұлт бұл мейрамды түрліше тойлайды. Бірақ, маңызы мен мағынасы бір. «Бұл Наурыз бұрынғыдан өзгерек». Осылай деп сенімді айтуға болады. Жер-жерде ауқымды шаралар ұйымдастырылып, қыстан аман шыққан жұрт бейбіт күнде барын салды. Риддер халқы қарап қалмады. Қаланың бас алаңы дүбірлі тойға айналды. Ақ шаңқан киіз үйлер тігіліп, дәстүр дәріптелді. Әсіресе, Қыдыр ата мен Наурыз қыз бастаған, арғымақ мінген салқар көш көптің көңілінен шықты. Қонақтар көк тағысы бүркіт, құмай тазымен суретке түсіп, шараның көркі қызыды. Қала халқы үшін мұның бәрі қызық. Қызық демекші, кішкентайлар киіз үйлерде ұлттық өнер садақ атуды да үйренді. Риддер – түрлі ұлттың айрандай ұйып отырған мекені. Мұндағы әр мейрамды дініне, нәсіліне қарамай бірге тойлайды.
Думанға жиналған ел қас қарайғанда да тарқамады. Кешкісін ауқымды мерекелік концерт өтті. Қала өнерпаздары мен арнайы шақырылған қонақтар риддерліктер үшін әсем ән айтып, күй төкті.
Қала әкімдігінің шақыртуымен келген белгілі эстрада жұлдыздарының қатарында Ұланғасыр Қами да бар. «Қызыл раушан», «Балқия», «Дискотека» сынды ел сүйіп тыңдайтын әндерді шырқап, салқын түнді ырғақты әуенмен қыздырды.
Кенді қаладағы халықтың есінде көп уақытқа қалатын көңілді думан мерекелік отшашумен түйінделді.