Шығыста тоқ ішек пен тік ішек обырына шалдыққандар саны артқан. Онкологтар қатерлі дерттің дендеп бара жатқанына тез дайындалатын тамақ пен тәтті сусындар себеп дейді. Сондай-ақ, адамдардың салауатты өмір салтын ұстамауы да аурудың дендеуіне жол ашып тұрғанын жеткізді. Дәрігерлер уақытында скринингтен өту маңызды екенін алға тартады. Себебі, ауру бастапқы сатыда анықталса, толық емделіп кету мүмкіндігі жоғары. Облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығында дерттің алдын-алуға арналған жиын өтті.

Былтыр аймақта тоқ ішек обырының 245 жағдайы тіркелсе, оның 170-тен астамы ерте кезеңде анықталған. Мамандар ішек обыры бұған дейін 60 жастан асқан азаматтарда ғана кездессе, қазір тіпті 20-ғы жастарға да осындай диагноз қойылып жатқанын айтады. Мамандардың айтуынша, бұл патологияны скрининг арқылы анықтауға болады.

Онкологиялық орталықта 2018 жылдан бастап виртуалды колоноскопия әдісін қолданысқа енгізілді. Бұл әдістің тиімділігі жоғары. Ең бастысы қатерлі ісіктің жолын бөгеуде бұл ем түрі жеңіл өтеді, дейді дәрігерлер. Мәселен, өткен жылдан бері онкологиялық орталықта 50-ге жуық виртуалды колоноскопия жасалды.

Мамандар қандай да бір қатерлі дертті анықтауда науқастан зақымданған тін алады. Бұл процедура да арнайы құрылғылар арқылы жүзеге асады.

Қатерлі ісікті ерте сатысында анықтау маңызды. Сол үшін денсаулықты қадағалап, скринингтен өтіп тұрған абзал,дейді дәрігерлер.