Риддерде тұңғыш рет садақ атудан қала біріншілігі өтті. Жергілікті әкімдіктің қолдауымен ұйымдастырылған сайыста бұл спорт түрін сүйетін ерлер мен әйелдер өзара кім мықтыны анықтады. 

Ұлттық спорт түрін ұлықтау мақсатында өткізіліп отырған бұл шараға жиналған жұртшылықтың қарасы қалың. Еркін форматта ұйымдастырылған сайысқа келушілер Наурыз көжеден, бауырсақ пен қымыздан дәм татуға мүмкіндік алды. Садақ ату өнерін жанына серік еткендердің бірі – Томирис Биболова. Ол облыстық деңгейде өткен турнирлерде жүлде алып үлгерген.

Додаға жиналған қатысушылар шара жоғарғы деңгейде ұйымдастырылғанын айтады. Бұл бастама Риддер қаласында ата дәстүрді жаңғыртып, ұлттық спортты насихаттауға сеп болмақ.

Садақ ату орталығының ашылғанына ұзақ уақыт болмаса да, мұнда келушілердің қатары ашылған күннен бастап толастаған емес. Риддерліктер қалада бұрын-соңды болмаған орталықта садақ тартып қана қоймай, қымыз ішіп демалып қайтады.

Қыздар арасындағы тартысты бәсекеде үшінші орын Нұрайым Қалиахметоваға бұйырды. Ал Балжан Қабдолланова екінші орынды місе тұтты. Бас жүлдені Томирис Биболова қанжығасына байлады. Ерлер арасында Дастан Оралғазин үшінші орын иеленді. Екінші орынға Думан Қадырбаев жайғасты. Өзгелерден оқ бойы озған Алексей Кочетков турнир жеңімпазы атанды. Жүлдегерлер арнайы грамота мен қаржылай сыйлықтар берілді.