Облыс әкімі Ермек Көшербаев су басу қаупі жоғары аудандарды әуеден бақылап, облыстық маңызға ие тас жол бойындағы Теректі-Урунхай-Төсқайың бағытындағы жолды қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты. Өткен аптада дәл осы учаскеде жол төсемі опырылып түскен болатын.

Қалпына келтіру жұмыстары сол күні бірден басталды. «ОблШығысЖол», жергілікті атқарушы органдар қызметкерлері бірлесе жұмыс істеді. Ауыр техникалар жұмысқа жұмылдырылды. Қазіргі кезде жол қатынасы қалпына келтірілді. Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, аймақ басшысының тапсырымасы бойынша сарапшы мамандар өзге де қауіпті жол бойында осы сияқты жағдай қайталанбас үшін тиісті жұмысты жүргізуде. Аэровизуалды тексеру кезінде облыс әкімімен бірге өңірдегі жағдаймен танысу үшін ҚР ТЖМ төтенше жағдайларды жою департаментінің басшысы Қахарман Оразалин барды.

Облыс әкімі мен ТЖМ қарасты департамент басшысы аймақтағы өзендер жағдайын, су деңгейін, қар жамылғысының мөлшерін, су қоймалары мен бөгеттердегі жағдаймен танысты. Бүгінде гидротехникалық құрылыстар штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Бөгеттердегі су деңгейі төмендеген. Жалпы облыста гидрометеорологиялық жағдай тұрақты. Қар жамылғысы 48 пайызға азайды. Өзендердегі су деңгейі қауіпті белгіден төмен. Егер өңірдегі жағдай күрт қиындайтын болса, күштер мен құрылымдар дайын және жедел штаб тәулік бойы жұмыс істейді. Қажет болған жағдайда 17000 аса азаматты қабылдай алатын 153 уақытша орналасу пункті дайын.