Білімді ұрпақ ел болашағы. Қазіргі жастар алғыр, жан-жақты. Бірнеше тілді еркін меңгергендері де аз емес. Шетел асып, білім алып жатқандары қаншама. Ал ғылымға ден қойғандар да өзге елде, өзге жерде көкжиегін кеңейтуде. Сол деңгейге жету үшін бірнеше сатыдан сүрінбей өту маңызды. Оның ең алғашқысы ағылшын тілінен біліміңді растайтын халықарлық емтихан тапсыру керек. Оның бірі - IELTS болса, ендірі бірі- TOEFL. Осыған дейін магистратура мен доктарантураға оқуға түсіп, білім алуға ниеттілер Алматы мен Астанаға сабылса, енді Өскеменде тапсыруға мүмкіндік алды.

Облыс орталығындағы техникалық мамандық иелерін дайындайтын Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ академиялық апталық өтті. Апталық аясында ETSGlobal – мен өзара келісім шарт негізінде TOEFL IBT тест орталығы ашылды. Халықарлық стандартқа сай білім деңгейін растайтын осы жүйені іске қосу үшін орталық мамандары мен университет ұжымы ауқымды жұмыс жасаған.

Емтихан тапсыру уақыты мен толық ақпарат жоғарғы оқу орынының сайтында жазылған. Толық әрі қажетті мәліметті сол жерден табасыз.

Сонымен қатар облысқа шекаралас жатқан көршілес ел азаматтары да орталықта тест тапсыра алады. Сондай-ақ, мұғалімдер ағылшын тілінен білім деңгейлері халықаралық дәрежеге сай екенін растау сертификатына ие болғысы келсе, оларға да жол ашық.