Өскеменде волейболдан "Біздің елдің жігіттері" атты дәстүрлі Халықаралық Достық турнирі өтті. Сайысқа еліміздің Астанасы мен Алматы қалаларынан бөлек, Жетісу мен Қарағанды және Шығыс Қазақстан секілді бірқатар облыстардан спортшылар қатысты. Халықаралық деңгейде ұйымдастырылған бәскеге Моңғолиядан да командалар келді.

Халықаралық турнирге барлығы 20 команда қатысты. Олардың 12-сі ардагер спортшылардан құралған командалар. Ойыншылардың бәрі де тәжірибелі. Талай жыл доп ойнап, түрлі бәсекеде бақтарын сынаған азаматтар. Қалған сегіз команданы жастар толтырды. Жас буын өкілдері де ардагер спортшылардың жолын қуып, тәжірибе жинақтап қалған.

Бұл турнир дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Бұған дейін Астана мен Алматы қалаларында және Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында өткен болатын. Биыл 4-рет Өскеменде өтті. Ұйымдастырушылар кезінде ата жұрт Қазақстанға Моңғолиядан қоныс аударған қандастар. Турнир демеушілері де түрлі салада кәсіп істеп жүрген бизнес өкілдері.

Бұған дейінгі жарыстарға қарағанда спортшылар деңгейі өте жоғарылаған. Оған өз кезегінде турнирдің тұрақты өткізілуі себеп болғаны сөзсіз. Жыл сайын әр өңірде ұйымдастырылатындықтан жарысқа қатысатын командалар саны да көбейіп келеді.

Ал жастар арасында 1-орынды "Улаанхус" командасы жеңіп алды. 2-орынды "Сарыарқа жастары" иеленсе, 3-орынға Жетісу облысынан қатысқан "Ағайындар" құрамасы тұрақтады. Айта кетейік, жарыстың мақсаты – достық қарым-қатынасты нығайтып, салауатты өмір салтын дәріптеу. Жастарды спортқа баулу. Ертеңгі ел намысын қорғайтын спортшыларды тәрбиелеп шығару. Бұл турнир енді келесі жылы Қарағанды облысында өтеді.